ПЕДАГОГТАРДЫҢ ЖАЛАҚЫЛАРЫ ТОЛЫҒЫМЕН ТӨЛЕНЕТІН БОЛАДЫ
Осы аптада, 26-30 қазан күндері ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова мен Салалық кәсіподақ өкілдері Жамбыл, Павлодар, ШҚО, Алматы және Маңғыстау облысының кәсіподақ активімен, білім басқармалары, білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлерімен бейне-конференц байланысы арқылы аймақтық семинарлар өткізді.
Апта ішінде ұйымдастырылған семинарларға 3000-нан астам сала қызметкері қатысты.Қашықтықтан оқыту жағдайында туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру, сала қызметкерлерінің сауалдарына жауап беру мақсатында өткізіліп жатқан жиынға қатысушылар білім және ғылым вице-министрі Б.Асыловаға, Салалық кәсіподақ өкілдеріне өзекті сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды.
Негізінен, сұрақтардың басым бөлігі кезекші сыныптардың мұғалімдеріне жалақы төлеу, сауықтыру жәрдемақысы, тарифтеу және оқу жүктемесі, педагогикалық шеберлік үшін біліктілік санатын беру, еңбек демалысына қоса берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлемі, магистрлерге, сондай-ақ дәптер тексерген үшін қосымша ақы төлеу, ауылдық жерде тұрып, жұмыс істейтін сала қызметкерлеріне коммуналдық қызметтер өтемақысын төлеу және т.б. қатысты болды. қатысты да толғандырған сауалдар жолданды.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіру туралы шешім қабылдауына байланысты, вице-министр аталған мектептердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін басқару қызметі облыстық басқармаларға беріледі. Осы сұрақ төңірегінде педагогтарды толғандыратын көп сұраққа да жауаптар қайтарылды: Б.Асылова білім бөлімдері облыстық білім басқармаларына заңды тұлға мәртебесін сақтай отырып, өткізілетінін атап өтті.
- Бұл ретте, олар білім басқармаларына қарасты болады және оған есеп береді. Функцияларды берумен бірге бюджет қаражаттарын басқару құқығы да бірге беріледі, яғни қалалық және аудандық білім бөлімдерін қаржыландыруды басқару облыстық деңгейге көшеді, - деп хабарлады Б.Асылова.
Соңғы жаңалықтар аясында вице-министр семинарға қатысушыларға ҚР Парламентінің сенаты 2020 жылға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістерді қабылдағанын жеткізді.
- Қазіргі таңда педагогтар жалақысыз қалатынына алаңдап, көптеген сұрақтар жолдауда. Педагогтардың жалақысы бойынша барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады. Бірде бір педагог, бірде бір өңір жалақысыз қалмайды. Аймақтарға республикалық бюджеттен қосымша қаражаттар жіберіледі, сондықтан барлық педагогтар өздеріне тиесілі қаржысын алады,- деді Б.Асылова. Бұл тұрғыда, ол елімізде ТЖ режимі енгізіліп, педагогтардың үйде болуына қарамастан қашықтықтан оқытуға барлық жағдайлар жасалғанын, бейнесабақтар дайындалғанын және т.б. шаралардың қабылданғанын атап өтті.
-Жалақы бойынша барлық міндеттемелер 2020 жылдың басында қабылданған тарифтеуге сәйкес төленді. Егер бір аймақта сұрақтар туындаған жағдайда, Министрлік ол мәселелерге жылдам араласып, жауап қайтарып отырды. Соның ішінде, педагогтардың жалақы мәселесі ҚР Білім және ғылым министрінің тұрақты бақылауында, - деп қадап айтты Б.Асылова.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева әлеуметтік әріптестік аясында сала қызметкерлерінің көптеген мәселелерінің шешіліп жатқанын жеткізді. Жиынға қатысушыларға Салалық кәсіподақтың атқарған жұмыстарына қатысты ақпарат берді.
- Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарындағы еңбек заңнамаларының орындалысына 1191 қоғамдық бақылау жүргізіп, 1093 түрлі заңбұзушылықтарды анықтады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 54 кәсіподақ мүшесі жұмыстарына қайтарылды. Оның 3-уі сот арқылы. 91 заңсыз жұмыстан шығарудың алды алынды. Жарты жылдың ішінде Салалық кәсіподақ ұйымдарының араласуымен сала қызметкерлерінің заңсыз ұсталынған немесе дұрыс төленбеген 653 893 331 теңге қаражаты қайтарылып берілді, - деді А.Мұқашева.
Салалық кәсіподақ басшысы ҚР Заңнамаларының барлық талаптары тиісті деңгейде орындалу тиістігіне ерекше тоқталды.
- ҚР Заңнамаларының барлық нормалары мүлтіксіз орындалуы керек. Егер әрбір жұмыс беруші өз тарапынан заң нормаларын тиісті деңгейде орындаса, онда сала қызметкерлеріне қатысты бірде-бір заңбұзушылық болмайды,- деп қадап айтты ол.
Семинарға қатысушылар жиынды ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұру туралы тілектерін жеткізді.
Онлайн семинарларға сонымен қатар ҚР БжҒМ бюджеттік жоспарлау Департаменті директоры - Ж.И.Рахметова, ҚР БжҒМ СҚК педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі Басқарма басшысы - А.Т.Дюсембаева да қатысты.
Еске сала кетейік, әлеуметтік әріптестік аясындағы онлайн жиындар қыркүйек айынан бері өткізіліп келеді. Келесі аптада соңғы семинарлар Түркістан облысы, сонымен қатар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының білім беру қызметкерлерімен және кәсіподақ активімен өткізілмек.
-
Фото
-