ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЯСЫНДА КЕЗЕКТІ СЕМИНАР ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 22-23 қазан күндері ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асылова мен Салалық кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен бейне-конференц байланысы арқылы өткен аймақтық семинарға Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысының білім басқармасы, білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлері шақырылды.
Қашықтықтан оқыту жағдайында туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру, сала қызметкерлерінің сауалдарына жауап беру мақсатында өткізіліп жатқан онлайн кездесуге ҚР БжҒМ бюджеттік жоспарлау Департаменті директоры Ж.И.Рахметова, ҚР БжҒМ СҚК педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі Басқарма басшысы А.Т.Дюсембаева, Солтүстік-Қазақстан облыстық білім беру басқармасының басшысы Г.Р.Кәрімова, Ақмола облыстық білім беру басқармасының басшысы Б.А.Жүсіпов, аталған аймақтардағы білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлері, Салалық кәсіподақтың Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Б.Е.Аюпов және Ақмола облыстық ұйымының төрағасы Б.Қ.Қадыров бастаған екі облыстың кәсіподақ активі қатысты.
«Әлеуметтік әріптестік аясында біз БҒМ-мен бірге қыркүйек айынан бері еліміздегі әрбір облыспен осындай тікелей эфирлер өткізіп келеміз. Біз не үшін мұндай эфир өткізуді жөн санадық, өйткені БҒМ де, Салалық кәсіподаққа да еңбек қатынастарына, аттестация және т.б. мәселелерге қатысты көптеген сұрақтар түсуде», - деді жиынды ашқан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева. Ол өткізіліп отырған шараның маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталып, Білім және ғылым министрі Б.Асыловаға кездесуге қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Онлайн кездесуге екі облыстан білім саласының 500-ге жуық қызметкері қатысып, білім және ғылым вице-министрі Б.Асыловаға сұрақтар қойды және толық жауаптарын алды.
Сұрақтардың басым бөлігі кезекші сыныптардың мұғалімдеріне жалақы төлеу, сауықтыру жәрдемақысы, тарифтеу және оқу жүктемесі, педагогикалық шеберлік үшін біліктілік санатын беру, еңбек демалысына қоса берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлемі, магистрлерге, сондай-ақ дәптер тексерген үшін қосымша ақы төлеу және т.б. қатысты болды.
Семинарға қатысушылар шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. СҚО білім басқармасының басшысы Г.Кәрімова қазіргі таңда ұстаздарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.
-Қазіргі таңда ауылдағы 1 санатты мұғалім 200 мың теңге алады. Бұл жақсы жалақы. Біздің облыс бойынша мұғалім болып жұмыс істегісі келетін адамдардың саны артуда. Сонымен қатар, педагогикалық оқу орындарына түсуге ниет білдірген түлектер саны артып келеді, - деді Г. Кәрімова. Бұл орайда ол мұғалім мамандығы үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Өйткені, мұғалімдердің жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеумен айналысатыны тілге тиек етілді.
Білім беру қызметкерлерімен онлайн кездесулер нәтижелі өтті. Келесі аптада дәл осындай семинарлар қалған өңірлермен өткізілетін болады.
-
Фото
-