ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ТИІМДІ ҚОРҒАУДЫҢ КЕПІЛІ
Қашықтықтан оқыту жағдайында туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру мақсатында, әлеуметтік әріптестік аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен бүгін 6 қазан күні, Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асылованың, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаеваның, сонымен қатар білім басқармасы жетекшілері және қаржыгерлерімен кездесуі ұйымдастырылды.
Шараның модераторы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.М.Мұқашева болды. Айгүл Мұқашева жиынға қатысушы есепшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.Онлайн кездесуге білім саласының 100-ден астам қызметкерлері қатысып, білім және ғылым вице-министріне сұрақтар қойды және толық жауаптарын алды.
Сұрақтар негізінен кезекші сыныптардың мұғалімдеріне жалақы төлеу, тарифтеу және оқу жүктемесі, педагогикалық шеберлік үшін біліктілік санатын беру, ақылы еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселелеріне қатысты болды. Кездесу барысында вице-министр кәсіподақтың ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңын әзірлеудегі белсенді рөлін атап өтіп, педагог мәртебесін арттыруға бағытталған заңның ағымдағы жылғы іс-әрекет нәтижелерімен таныстырды.
Б.Асылова 2021 жылғы қаңтардан бастап білім басқармасы органдарының (аудандық, қалалық ББ) бюджеті облыстық білім басқармасына берілетінін еске салды. Министрлік сайтында ең көп қойылатын сұрақтар мен оларға жауаптар орналастырылған. Қаржы басқармасының айқындығы үшін бұлттық бухгалтерия енгізілетінін, пилоттық жоба ретінде Павлодар қаласында бұл бағыттағы жұмыс басталғаны туралы ақпарат берді.
А.Мұқашева өз кезегінде әлеуметтік әріптестікті дамыту сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың кепілі екенін атап өтті.Жалпы кездесу нәтижелі өтті, қатысушылар өздерін толғандыратын сұрақтарға толық жауап алды. Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асыловаға кездесуге қатысқаны үшін алғыс айта отырып, мықты денсаулық, сала қызметкерлерінің игілігі жолындағы жауапты міндетіне табыс тілейміз.
Онлайн шараға сондай-ақ, ҚР БжҒМ бюджеттік жоспарлау Департаменті директорының орынбасары Ж.И.Рахметова, ҚР БжҒМ СҚК педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі Басқарма басшысы А.Т.Дюсембаева, Кәсіподақтың Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы М.О.Даупаев бастаған кәсіподақ активі және Салалық Кеңес аппаратының қызметкерлері қатысты.
-
Фото
-