КӘСІПОДАҚ АКТИВІНІҢ ЖИЫНЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ АРНАЛДЫ
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы активінің жиналысы өтті.
Алқалы басқосуда «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауынан туындайтын нұсқауларды, сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының ХХVI съезінде қабылданған шешімдерді жүзеге асырудағы кәсіподақтардың міндеті туралы» мәселе қаралды.
Жиынды ашқан Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева Президент Жолдауындағы елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына бағытталған бағдарламалық мақсаттар мен міндеттердің Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы тарапынан қолдау тапқанын баса айтты.
«Президент жолдауында, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының XXVI Съезінде қабылданған шешімдерде алға қойылған міндеттер бізден еңбек адамдарын қорғау деңгейін күшейту, қоғамдық және экономикалық қатынастарға кәсіподақтардың ықпал етуіне жаңа, тиімді формалар мен әдістерді іздеу бағытында мақсатты жұмыстарды жүргізуді талап етеді. Біз кәсіподақтар қозғалысының белсенділігі мен бірлігімізді, ең қиын кезеңде де дұрыс шешім шығара алатынымызды бірнеше рет дәлелдедік», - деді өз сөзінде А.Мұқашева.
Актив отырысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т.Дәулеталин, Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының жетекшілері мен білім саласындағы бірқатар ұйымдардың кәсіподақ комитеттерінің төрағалары қатысты.Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерге арналған Мемлекет басшысының Жолдауы мен ҚРКФ-ның XXVI съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы жиынға қатысушылардың қолдауына ие болды. Сөз сөйлегендер аталған құжаттарда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға дайын екенін жеткізді. Жиында сондай-ақ білім саласының күрмеулі мәселелері көтеріліп, оларды шешу жолдары айқындалды.
ҚРКФ төрағасы С.Дәулеталин кәсіподақтар федерациясының қол жеткізген табыстары мен кәсіподақтарға жүктелген міндеттер туралы айтты.Федерация басшысы ҚРКФ-ның XXVI съезінде қабылданған 2020-2025 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламада анықталған мақсаттар мен міндеттерге ерекше тоқталды. Айтуынша, маңызды құжат алдағы 5 жылда еліміздегі кәсіподақтардың басты жолнұсқасы болуы тиіс.
Сатыбалды Дәулеталин Салалық кәсіподақтың еңбек адамдарының игілігі үшін әлеуметтік әріптестікті дамытуға сүбелі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Жиын қорытындысында еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамытуға қосқан еңбегі үшін Шығыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Н.Б.Қасенова Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төсбелгісімен марапатталды.
-
Фото
-