ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: САЛАЛЫҚ БІЛІМ КӘСІПОДАҒЫ ҰСТАЗДАРДЫ ҚОЛДАДЫ
Қашықтан білім беру процесін тиісті деңгейде ұйымдастыруға үлес қосу мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ педагогтарды қолдау туралы шешім қабылдаған болатын. Осы жұмыстардың аясында жаңа оқу жылы қарсаңында сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты көмек көрсету шаралары жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары республикамыздың білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ұстаздарға барлығы 1000 жуық ноутбук құрылғысын табыстады. Оның ішінде, «Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ 336 бірлік ноутбукты аймақтағы білім беру ұйымдарының балансына берсе, қалған өңірлерде ноутбук құрылғылары кәсіподақ мүшелеріне қайтарымсыз негізде сыйға тартылды. Атап өту керек, ноутбуктер көпбалалы, аз қамтылған ұстаздарға, мұқтаж педагогтарға, сонымен қатар отбасында мектеп жасындағы және студент бірнеше баласы бар кәсіподақ мүшелеріне берілді. Бұдан бөлек, бірқатар облыстарда Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдары ұстаздарға ноутбук сатып алуы үшін қаржылай көмектесті.
Сонымен қатар, кейбір аймақтарда кәсіподақ интернет байланысының өтемақысын төлеп беруде. Мәселен, Қарағанды облысында Саран аудандық кәсіподақ комитеті 39 педагогтың, Абай аудандық кәсіподақ комитеті 50 кәсіподақ мүшесінің интернет тарифінің құнын төлеуге материалдық көмек берді.
Салалық кәсіподақ тарапынан жасалған қолдау шаралары педагогтар игілігіне жарасын. Пандемия кезеңінде кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау жұмыстары жалғасады.
Қазіргі таңда Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары Республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысуда.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-