"ЕҢ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР" АЙДАРЫ
Салалық кәсіподаққа орта білім беру ұйымдарындағы тәлімгерлік институтын түсіндіру өтінішімен көптеген сұрақтар түсуде.
Осыған орай төмендегідей түсінік береміз:
Осыған орай төмендегідей түсінік береміз:
ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңының 13 бабы, 1 тармағына сәйкес, бір оқу жылы кезеңінде орта білім беру ұйымына педагог лауазымына алғаш рет қабылданған педагогқа оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін тәлімгер бекітіледі.
"Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына жасалған 4 Қосымшаның 11 тармағына сәйкес, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап базалық лауазымдық жалақының мөлшерінде (17697 теңге) қосымша төлемақы жүргізіледі. Көрсетілген қосымша ақы нақты жүктемеге қарамастан тағайындалады.
Тәлімгер мынадай талаптарға сәйкес болуы қажет:
1) "педагог-зерттеуші" не "педагог-шебер" біліктілік санаты;
2) педагогикалық этиканың негізгі қағидаттары мен нормаларын сақтауы;
3) соңғы үш жыл ішінде оқытатын пән бойынша білім алушылардың білім сапасы кемінде 60% - 70% (шағын жинақты мектептерде кемінде 50% - 60%).
Тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидалары және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтерге қойылатын талаптар «Тәлімгерлікті ұйымдастыру қағидаларын және тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтерге қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 160 бұйрығымен бекітілген.