Еліміздегі педагогтардың жалақысы екі есеге арттырылады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап алдағы төрт жыл ішінде еліміздегі педагогтардың жалақысы екі есеге арттырылады. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап педагогтардың лауазымдық еңбекақылары 25%-ға өсті, 2021 жылдың қаңтарынан бастап өсім 50%-ға, 2022 жылдың қаңтарынан 75%-ға, 2023 жылдың қаңтарынан 100%-ға жетуі тиіс. Жалақының өсуі ЖОО мен ЖОО-нан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарынан басқа педагогтарға қатысты.
Өкінішке орай, бұл жаңалық білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін де сырт айналып өтті. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Салалық білім кәсіподағы осы қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы мәселені ресми хат арқылы 16.03.2020 ж. Білім және ғылым министрлігіне, 19.05.2020 ж. ҚР Премьер-Министрі А.Мәминге жеткізді.
ҚР Үкіметінің лауазымдық айлықақыны көтеру туралы №1193 қаулысы білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларға қатысты болса да, бірқатар өңірлерде осы қаулы орындалмай отыр. Салалық кәсіподақ осыған орай да ҚР БҒМ мен Үкіметке хат жолдады. Кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары аталған мәселені оңтайлы шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар, Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін кітапханашылар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты мәселені ҚР Кәсіподақтар федерациясы алдында да көтерді. Жуырда ҚР Кәсіподақтар федерациясы ҚР Үкіметіне хат жолдады. Көтерілген мәселелер оңынан шешілетініне сенім білдіреміз.
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы" ҚБ