БІЗДІҢ КҮШІМІЗ - БІРЛІКТЕ
Мемлекет басшысының Жарлығымен елде Төтенше жағдай режимі жарияланған соң Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мүшелік ұйымдарының алдына сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың кірістерінің деңгейін барынша сақтау секілді маңызды міндет қойылды. Осыған сәйкес тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туындады.
Салалық кәсіподақ білім беру ұйымдарындағы жұмыс берушілерге қызметкерлерді қолданыстағы еңбекақы көрсеткіштерімен қамтамасыз ету, оларды ақысы төленбейтін демалыстарға жіберуге жол бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңдылық режимін қамтамасыз етуді талап етіп, үндеу жасады.
Салалық кәсіподақ төтенше жағдай және карантин режимі кезінде жұмыс берушілердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер берді. Мамандар жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылған қызметкерлерге ақы төлеу, демалыстардың барлық түрлерін беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелерін шұғыл түрде әзірлеп, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жариялады.
Қызметкерлердің құқықтарының бұзылу жағдайларын анықтау және оларды тез арада жою мақсатында барлық әлеуметтік желілердің жүйелі мониторингісі жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Аптасына жеті күн ішінде, демалыссыз, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес беру шаралары жүзеге асырылды. Салалық кәсіподаққа 25 наурыз бен 10 мамыр аралығында 2300-ден астам өтініш-сауалдар түсті, олардың бәріне жан-жақты жауаптар мен түсініктемелер берілді. Жазбаша 378 өтініш қаралды.
Жұмыс берушілердің еңбек заңнамаларын орындау жағдайларына мониторинг жүргізу, қоғамдық бақылауды күшейту бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Жалпы, саладағы еңбек қатынастарында шиеленістердің туындауына жол берілген жоқ.
Күрделі жағдайларда қолданылатын маңызды құралдардың бірі әлеуметтік әріптестік жүйесі болып табылады. Мысалы, еліміздің көптеген аймақтарында салалық аймақтық келісімдер әзірлеу кезінде Кәсіподақтың ұсыныстары ескеріліп, қызметкерлердің жұмыстың бос тұрып қалуы кезінде ҚР Еңбек кодексінің нормаларымен көзделген мөлшерден артық төлемдер алуына мүмкіндік жасалды.
Барлық еңбек ұйымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары белсенді жұмыс жүргізіп, жұмыс берушілермен бірге төтенше жағдай салдарын азайтуға тырысты. Барлық білім беру ұйымдарында әкімшіліктің және кәсіподақ комитеттерінің күшімен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі кезінде Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары жағдайы қиын кәсіподақ мүшелеріне көмек беріп қолдау көрсетті. Саладағы кәсіподақ ұйымдары «Біздің күшіміз – бірлікте!» ұранымен жұмыла жұмыс жүргізді. Осы ұранмен кәсіподақ «Біз біргеміз» республикалық науқанына қатысты. Облыстық кәсіподақ комитеттерінің бастамасымен халыққа көмек беру бойынша штабтар құрылды. Еліміздегі кәсіподақ активтерінің үйлесімді жұмыстарының арқасында 7000-ға жуық отбасына көмек көрсетілді. Олрдың арасында көп балалы, аз қамтылған отбасылар, ардагер педагогтар, қарттар мен мүгедектер бар. Барлық аймақта кәсіподақ өкілдері оларға жеке қорғаныш құралдарын – бетперделер мен бір реттік қолғаптар, залалсыздандырушы және антисептикалық құралдарын жеткізіп берді. Еріктілер күшімен 330 мыңдай бетперде тігіліп, өңірлерде тұрғындарға тегін таратылды.
Жасалған жұмыстардың нәтижесі кәсіподақтың төтенше жағдай режимі шарттарында да игілікті істерді атқарудан қалыс қалмағанының айқын дәлелін көрсетеді. Бұл ретте кәсіподақтың кез келген қиын жағдайда кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсетуге дайын екенін айта кеткен жөн.
Қазір Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсетуге бар күштерін салуда.
Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз! Біз біріксек үлкен күшпіз!
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ