Жиі түсетін сұрақтардың бірі ақылы еңбек демалысының кезеңін айқындау ...
Жиі түсетін сұрақтардың бірі ақылы еңбек демалысының кезеңін айқындау және олардың берілу тәртібі туралы. Осыған орай, келесі түсіндірме беріледі:
Жұмыскерге ақылы еңбек демалысын беру тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 87 - 96 бабтарымен регламенттелген. 87-бабтың 2-тармағына сәйкес жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы – жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының негізгі және қосымша түрлері белгіленген.
Жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысының ұзақтығы:
Жалпы жұмыскерлерге ҚР Еңбек кодексінің 88-бабы бойынша, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде жыл сайынғы ақылы негізгі еңбек демалысының көбірек күн саны көзделмесе, ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн беріледі.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 139-б. 10-т., мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы берілетіні көрсетілген.
ҚР Еңбек кодексінің 1-б. 1-т.2)- тармақшасымен сәйкес азаматтық қызметші – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақы төленетін штаттық лауазымды атқаратын және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам.
Азаматтық қызметшілердің құрамына еңбегі кәсіби даярлық пен арнайы білімді талап ететін білікті жұмысшылар да кіреді.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңының 12-б. 1-т. 3)-тармақшасымен барлық педагогтарға ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы көзделген.
Ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары:
ҚР Еңбек кодексінің 89-б. 1-т. 1), 2)-тармақшаларында –
Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне http://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500012731 сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын;
- бірінші және екіншітоптардағы мүгедектерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары қаралған.
- Ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде еңбек өтілін есептеу ҚР Еңбек кодексінің 91-бабына негізделеді:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады.
Ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 92-бабымен реттеледі:
Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Осы тұста, жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды.
Сонымен қатар, ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының бір бөлігі жұмыскердің еңбек шартында көзделген демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс.
Еңбек демалысына ақы төлеу – еңбек демалысы басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жұмыскердің еңбек шарты негізінде қоса атқаратын жұмысы болған жағдайда ақылы еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.
Ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі ҚР Еңбек кодексінің93-бабында көрсетілген. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы 2018-2020 жылдарға арналғанӘлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 6.8.- 6.9. тармақтарында нақтылаған: Пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынады.
Ақы төленетін еңбек демалыстарын беру кезегі жыл сайын, күнтізбелік жыл басталғаннан бастап он күннен кешіктірілмей, бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша, ұйым басшысы бекіткен еңбек демалыстарының кестесіне сәйкес анықталады немесе тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді.
Еңбек демалысының басталу уақыты туралы қызметкер оның басталуына дейін кемінде екі ай бұрын хабарлануы тиіс.
Еңбек демалысының кестесіне өзгерістер енгізілген жағдайда, қызметкер бұл туралы еңбек демалысы басталғанға дейін кемінде екі апта бұрын хабарлануы тиіс.
Тамыздан бастап қазан айының аралығында жұмысқа қабылданған педагогтарға оқу жылының аяқталуы бойынша алғашқы жұмыс жылы үшін ақылы еңбек демалысы қызметкерлердің тиісті санаты үшін ҚР қолданыстағы заңнамасында көзделген ұзақтылықта алдын ала беріледі.
Жазғы демалыс уақытында қызметкерге нақты жұмыс жасаған уақытына оның жазбаша келісімінсіз еңбек демалысын беруге жол берілмейді.
Пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынады.
-
Фото
-