Атқару комитетінің отырысы өтті
15 сәуірде online режимде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы" ҚБ Атқару комитетінің отырысы өтті. Жиынды Салалық кәсіподақтың төрайымы А.Мұқашева ашып, жүргізіп отырды. Отырыста бірқатар ағымдағы мәселелер қаралды.
Салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары В.Ф.Беженаров төтенше жағдай енгізу кезінде қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жағдайы туралы баяндады. Ол қазіргі жағдайда кәсіподақ ұйымдарының алдына сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, олардың кіріс деңгейін барынша сақтау сияқты маңызды міндет қойылғанын атап өтті. Әдеттен тыс шаралар қабылдау қажеттілігі туындағаны айтылды.
Кәсіподақ саладағы жұмыс берушілерге жұмыскерлерді еңбекақыларының қолданыстағы параметрлерімен қамтамасыз ету, ақысы төленбейтін демалыстарға жіберуге жол бермеу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалыстарын беру және қолдану кезінде заңдылық режимін қамтамасыз ету талабымен үндеу жасады.
Төтенше жағдай және карантин режимі кезінде жұмыс берушілердің ықтимал іс-әрекеті туралы нұсқаулықтар әзірлеп, түсіндірмелер берді. Мамандар жедел түрде жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылған қызметкерлерге төлем төлеу, демалыстардың барлық түрлерін беру тәртібі мен оларға төленетін ақы және еңбек қатынастарының басқа да мәселелері бойынша түсіндірмелер әзірлеп, БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде жариялады.
Қызметкерлердің құқықтарын бұзу жағдайын анықтау және оларды тез арада жою мақсатында, барлық әлеуметтік желілердің жүйелі мониторингісі жасалып, Facebook, Instagram, Telegram желілерінде ашық топтар құрылды. Салалық Кеңестің құқықтық қызмет мамандары тарапынан аптасына жеті күн ішінде, демалыссыз, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңестер беру жүзеге асырылуда. 25 наурыз бен 10 сәуір аралығында 300-ден астам кеңес берілді. Жазбаша 48 өтініш қаралды.
Атқару комитетінің отырысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағындағы 2019 жылғы кәсіподақ мүшелігі мен кәсіподақ органдары туралы жиынтық статистикалық есептілік қорытындысы туралы; Кәсіподақ Кеңесінің 2019 жылғы кірістер мен шығыстар сметасының орындалуы туралы; Білім және ғылым саласы ұйымдарындағы 2019 жылғы ұжымдық шарттық кампаниялардың қорытындысы және кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік әріптестік тиімділігін әрі қарай арттыру жөніндегі міндеттері туралы мәселелер де қаралды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» және журналистер арасындағы «Ұстаз мүддесі – кәсіподақ назарында» атты республикалық байқауларды өткізу туралы Ережелер бекітілді.
Атқару комитеті қоғамдық бақылаудың, әлеуметтік әріптестіктің нысандарын және өзге де қорғау құралдарын қолдана отырып, сала қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі жұмысты белсенді жүргізу; Қызметкерлерден түскен өтініштерге жедел жауап қайтару, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде нақты шаралар қабылдау; Құқықтық қызметті күшейтіп, құқықтық қызметкерлердің қашықтықтан жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау; Жұмыс берушілердің әлеуметтік әріптестік актілерімен шартталған еңбек жағдайларының орындалуын қамтамасыз ету; Төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін білім беру ұйымдарында жұмыспен қамтылу мониторингісін жүргізу туралы шешімдер қабылдады.