ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫ ТУРАЛЫ ПАЙДАЛЫ АҚПАРАТ
Коронавирус инфекциясымен күресу шараларын жүргізуге байланысты енгізілген шектеулер, білім саласының кейбір қызметкерлерін еңбек демалысына шығаруға себеп болды. Салалық кәсіподаққа жыл сайынғы ақылы демалысты беру, еңбек демалысының ақысын және азаматтық қызметшілерге сауықтыру жәрдемақыларын төлеу тәртіптері жөнінде көптеген сұрақтар түсуде.
Барлығы еңбек демалысы туралы
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай – ҚР ЕК) 1-бабы 1-т. 13) тарм. сәйкес, демалыс – жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату.
ҚР ЕК 87-бабы 3-т. 1), 2) т.т. сәйкес, жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
- жыл сайынғы негізгі ақысы төленетін еңбек демалысы;
- жыл сайынғы ақысы төленетін қосымша еңбек демалысы.
Жыл сайынғы негізгі ақысы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы:
- барлық педагог қызметкерлер үшін – 56 күнтізбелік күн /«Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ 12-бабы 1-т. 3)т.т./;
- азаматтық қызметшілер болып табылатын педагог емес қызметкерлер үшін – 30 күнтізбелік күн / ҚР ЕК 139-бабы 10-т./;
- педагог қызметкерлер болып табылмайтын және азаматтық қызметшілер санатына жатпайтындар үшін, демалыстың ең аз ұзақтығы – 24 күнтізбелік күн /ҚР ЕК 88-бап) болып белгіленді.
Бұрын ең аз ұзақтықтағы демалыс алып жүрген педагог қызметкерлердің 56 күнтізбелік күн ұзақтығымен демалысқа құқығы «Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ қолданысқа енгізілген кезден, яғни 2020 жылғы 11-қаңтардан бастап туындағанын айта кеткен жөн. Мысалы, мектепке дейінгі білім беру ұйымы тәрбиешісінің бұрын 42 күнтізбелік күн ұзақтығымен демалысқа құқығы болса, ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап демалысқа шыққан кезде, оған 56 күнтізбелік күн ұзақтығымен демалыс беруге міндетті. Өкінішке орай, жеке ұйымдарда жұмыс берушілер демалыс ұзақтығының есебін жүргізу кезінде бұл шаманы жұмыс жылына емес, күнтізбелік жылға балап, заңсыз есептейді. Олардың пікірі бойынша, 2020 жылғы 11-қаңтарға дейінгі жұмыс мерзімі үшін демалыс 42 күнтізбелік күн ұзақтығымен есептелуі тиіс. Заңнаманы мұндай түсіндіру қызметкерлердің құқықтарын бұзады, оған жол берілмеуі тиіс.
Педагог қызметкерлердің, басқа да қызметкерлер сияқты демалыстарының ұзақтығы олардың оқу жүктемесінің көлеміне байланысты болмайды. Еңбек демалысының ұзақтығы мұғалімнің оқу жүктемесіне тепе-тең анықталған жағдайлар кездеседі (0,5 ставка -28 күнтізбелік күн). Бұл заңсыз. ҚР ЕК 70-бабы 2-т.сәйкес, толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды.
ҚР ЕК 89-бабына сәйкес:
- ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі бойынша;
- бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі.
Еңбек, ұжымдық шарттар арқылы қызметкерлерге ұзақ үздіксіз жұмыстары үшін, маңызды, күрделі, шұғыл, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшін жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалыстары қарастырылуы мүмкін.
«Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ оларды беру қағидалары» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 бұйрығымен бекітілген.
Жоғарыда көрсетілген Тізбемен айқындалған жағдайларда жұмыс істейтін қызметкерлерге қосымша демалыстар мен қосымша ақыларды жұмыс орындарын аттестаттаудан өткізбей тағайындау мүмкін емес деген пікір қалыптасқан. Жұмыс орындарын аттестаттау негіздемесі мен тәртібі ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 28-желтоқсандағы №1057 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларымен» реттеледі. ҚР аумағында әрекет ететін барлық өндірістік объектілер аттестаттаудан өткізіледі. Қағиданың 2-т. 18) тарм. сәйкес, өндірістік объектілер – өнім шығарумен және жасаумен, пайдалы қазбаларды игерумен, өндірумен және қайта өңдеумен, құрылыспен және өндірістік қызметтің басқа да түрлерімен айналысатын ұйымдардың цехтары, учаскелері және өзге де бөлек орналасқан өндірістік бөлімшелері. Білім беру ұйымдарында өндірістік жұмыстар жүзеге асырылмайды, сондықтан еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын міндетті аттестаттау жүргізілмейді.
ҚР ЕК 90-бабының 1-тармағымен, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептелетіні айқындалған.
ҚР ЕК 90-бабының 1-тармағына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысына қосылатынын ескерген жөн.
ҚР ЕК 91-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде:
1) нақты жұмыс істелген уақыт;
2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт;
3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт;
4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады.
Нақты жұмыс істелген уақытқа қызметкердің ең алдымен, жасасқан еңбек шартына сәйкес еңбек міндеттерін орындаған уақыты жатады.
ҚР ЕК 33-бабының 3-тармағымен жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті түрде ресімделмеген жағдайда, еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындайтыны көзделген. Демек, қызметкердің жұмысқа кіріскен күннен бастап және еңбек шартын жасасқанға дейінгі еңбек міндеттерін орындауы нақты жұмыс істелген уақытқа жатады және бұл мерзім жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретін еңбек өтіліне қосылады.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретін еңбек өтіліне қызметкердің нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыты қосылады. Ол мерзімге:
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы (негізгі және қосымша);
- еңбек қызметін экологиялық апат және радиациялық тәуекел аймақтарында жүзеге асыратын қызметкерлерге жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысы;
- ақы төленетін демалыстардың басқа түрлері – оқу, жүктілік пен босану бойынша ақылы демалыстар;
- жүмыс берушінің кінәсі бойынша жұмыстың түрып қалу уақыты;
- жұмыс берушінің қаражаты есебінен мерзімдік медициналық тексеруден өту уақыты;
- донор болып табылатын қызметкердің тексерілу және қан тапсыру уақыты;
- кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру уақыты;
- жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан заңсыз шеттету уақыты жатады.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретін еңбек өтіліне қызметкердің еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыты қосылады.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретін еңбек өтілінеқызметкердің жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыты қосылады. Жұмысқа қайта алу, қағида бойынша, ҚР ЕК 15-тарауының нормаларымен айқындалған тәртіпте жеке еңбек дауын шешу органымен жүзеге асырылады.
Қызметкерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі еңбек, ұжымдық шарттармен, қызметкерлердің пікірін ескере отырып жұмыс берушімен бекітілген демалыстар кестесімен белгіленеді. Демалыстар кестесі қызметкердің жұмыс жылы мерзімінің шегінде өзгеруі мүмкін. Демалыстар кестесі өзгертілген жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы қызметкерге еңбек демалысы басталардан кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті. Мүмкін болатын еңбек дауларын болдырмау үшін, демалыстар кестесінің өзгеруі туралы қызметкерді қолын қойып жазбаша хабардар ету қажет.
Демалыстар кестесінен тыс демалыс қызметкерге жеке өтініші бойынша жұмыс берушінің келісімімен берілуі мүмкін.
ҚР ЕК 92-бабы 1-т.сәйкес, жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
«Жұмыс жылы» ұғымы ҚР ЕК 92-бабының 2-тармағында көрсетіледі. Жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды.
Білім беру жүйесінде бір жұмыс жылға жетпей жұмыс істеген педагог қызметкерлерді нақты жұмыс істеген уақыты үшін демалысқа жіберу жиі кездеседі. Мұндай жағдайда демалысты бөліктерге бөлу айқын көрініп тұр. Демалысты бөліктерге бөлу тек еңбек шарты тарапының қарсы еркі болған жағдайда жүзеге асырылады. Яғни, жұмыс беруші қызметкерге демалыстың тек бір бөлігін бере отырып, ол үшін қызметкерден жазбаша келісім алуға міндетті.
Жұмысты қоса атқарушылардың да демалыс алуға негізгі қызметкерлер сияқты құқықтары бар. ҚР ЕК 92-бабының 5-тармағымен, қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде берілетіні көрсетілген.
Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы жұмыскердің өтініші бойынша оған демалыстар ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақы сақталмайтын демалыс береді.
Демалысқа ақы төлеу
Демалыс мерзімінде қызметкерге ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрінің 2015 жылғы 30-қарашадағы №908 бұйрығымен бекітілген орташа жалақыны есептеудің Бірыңғай қағидаларымен бекітілген тәртіпте есептелген орташа жалақы төленеді.
Орташа айлық жалақыны есептеу, бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Орташа жалақыны есептеу кезінде жеке төлемдер (барлығы 19), оның ішінде:
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы;
- еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы;
- жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыруға арналған жәрдемақы;
- қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы ескерілмейді.
Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік жалақыны демалыс кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің санына бөлу жолымен айқындалады.
Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің санына тиісінше бөлу жолымен айқындалады.
Жоғарыда көрсетілген Бірыңғай қағиданың 13-т. мазмұнына ерекше назар аудару қажет, онда лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентін ескере отырып, мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) егер арттыру есеп айырысу кезеңінде жүргізілсе, арттырудың алдындағы әрбір ай үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
2) егер арттыру есеп айырысу кезеңінен кейін оқиға болғанға дейін жүргізілсе, есеп айырысу кезеңі үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі;
3) егер арттыру оқиға кезеңінде жүргізілсе, орташа жалақының бір бөлігі мөлшерлеме (лауазымдық жалақы) арттырылған күнінен бастап көрсетілген кезең аяқталғанға дейін арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі.
Арттыру коэффициенті арттырудың соңғы айында белгіленген тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық жалақыны) арттыруға дейін белгіленген әр тарифтік мөлшерлемеге (лауазымдық жалақыға) бөлу жолымен есептеледі.
Арттыру коэффициенті есеп айырысу кезеңінің шегінде әрбір тиісті айға есептелген жалақының жалпы сомасына қолданылады.
Арттыру коэффициенті:
1) қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстырған кезде;
2) лауазымдық жалақысының мөлшерін есептеу кезінде ескерілетін қызметкердің мамандығы бойынша жұмыс өтілінің немесе жұмысшының біліктілік разрядының артуы кезінде қолданылмайды.
Сауықтыру жәрдемақысы
ҚР ЕК 139-б. 10-т. сәйкес, азаматтық қызметшілерге лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
Білім беру ұйымындағы штаттық қызметкерлердің лауазымдық айлықтарының мөлшері, жұмыстары оқу жүктемесімен айқындалмайтын көлемі (директор, әлеуметтік педагог, әдіскер, педагог-психолог және басқалары) базалық лауазымдық айлықты тиісті коэффициентке көбейту жолымен анықталады.
Бірқатар педагог қызметкерлер үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен еңбекақыны қалыптастыратын факторлардың бірі ретінде нормативтік оқу жүктемесі белгіленген, сол арқылы айлық жалақы анықталады («Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ 8-бабы 3-т.). Олардың жалақысын есептеу үшін тарифтік мөшерлеме қолданылады.
ҚР ЕК 1-бабы 1-т. 73)т. тарифтік мөлшерлеме (айлықақы) – жұмыскердің уақыт бірлігі ішінде белгілі бір күрделіліктегі (біліктіліктегі) еңбек міндеттерін орындағаны үшін еңбегіне ақы төлеудің тіркелген мөлшері.
Алайда «лауазымдық айлық» пен «тарифтік мөлшерлеме» ұғымдарының мәні бірдей болғанмен, барабар болып саналмайды.
Лауазымдық айлық – қызметкердің күнтізбелік айға еңбек (лауазымдық) міндеттерін орындағаны үшін еңбекақысының кесімді мөлшері. ҚР Еңбек кодексінің ережелеріне сәйкес, лауазымдық айлық жұмыс істелген уақытқа немесе орындалатын жұмыс көлемінің көбеюіне байланысты тепе-тең өзгеруге жатпайды. ҚР ЕК 108-бабына сәйкес, еңбекке уақыт бойынша ақы төлеу кезінде үстеме уақыттағы жұмысқа жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) тарифтік мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді.
Жұмыс көлемі көбейген жағдайда ақы төлеу тепе-тең өзгеріп, қызметкерлердің жалақысы анықталған нормаға белгіленген мөлшерлеме негізінде есептелетін жағдайларда ғана үстеме жұмыс болып қаралмауы мүмкін. Мұғалімдер мен тікелей оқу-тәрбие процесіне қатысты кейбір педагог қызметкерлер үшін мұндай норма жалақының бір тарифтік мөлшерлемесіне нормативтік оқу жүктемесі болып табылады.
ҚР ЕК нормаларында «тарифтік мөлшерлеме» мен «лауазымдық айлық» ұғымдары бірнеше мәрте әртүрлі сипаттағы ұғым ретінде көрсетіледі. Мысалы, кодекстің 1-бабы 1-т. 59)тт. «негізгі жалақы – тарифтік мөлшерлемелер, лауазымдық айлықақылар, кесімді бағалар... (әрі қарай мәтін бойынша). Немесе, ҚР ЕК 139-бабы 9-т. «Азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу»: «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi».
Тарифтік мөлшерлеме мұғалімдердің, оқытушылардың, тәрбиешілердің және басқалардың жалақысын есептеу механизмінде басты бөлім болып табылады.
Нормативтік оқу жүктемесі белгіленетін педагог қызметкерлер үшін лауазымдық айлық, шын мәнінде, «айлық жалақы» болып табылады, себебі ҚР білім және ғылым Министрінің 2008 жылғы 29-қаңтардағы №40 бұйрығымен бекітілген бюджет қаражаты есебінен қаржыланатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне жалақы есептеу Ережесінің 9-тармағымен бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне жалақы есептеу кезінде айлық жалақы қолданылатыны белгіленген.
Педагог қызметкерлердің айлық жалақысы айына тарифтік мөлшерлемені (лауазымдық айлықты) олардың аптасына нақты жүктемесіне көбейту және алынған көбейтіндіні «Педагог мәртебесі туралы» ҚРЗ белгіленген аптасына нормативтік оқу жүктемесіне бөлу жолымен анықталады. Осылайша, жалақының негізгі бөлігі есептеліп, оған еңбекақы төлеу жүйесімен көзделген қосымша және үстеме ақылар кірмейді және қызметкердің шын мәніндегі лауазымдық айлығы болып табылады.
Мұндай мәселелерді шешу кезінде, ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігінің 2008 жылғы 6-маусымдағы «Азаматтық қызметшілерді сауықтыруға арналған жәрдемақыға қатысты» № 06-01-17/3169 хатын басшылыққа алған жөн. Бұл құжатта: «Еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкердің айлық жалақысының мөлшері оның біліктілігіне, атқаратын жұмысының саны мен сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайына байланысты дифференциалды белгіленеді» делінген.
Сондай-ақ еңбек саны еңбек шамасын құрайды, яғни сараланған жалақының негізі болып табылатын белгілі бір сападағы еңбектің белгіленген саны.
Мерзімді еңбекақы төлеу жүйесі кезінде жұмыс істелген уақыт ескеріледі және әрбір нақты қызметкерге оның біліктілігін ескеріп белгіленген тарифтік мөлшерлеме немесе лауазымдық айлық негізінде ақы төленеді.
Лауазымдық айлық жалақының құрама элементі болып табылады.
Осыған орай, сауықтыру жәрдемақысы әрбір қызметкерге оның еңбегінің санына, атқаратын лауазымына, орындайтын жұмысына және басқасына байланысты жеке белгіленетін және төленетін лауазымдық айлық мөлшерінде төленеді.
Аптасына 9 сағат көлемінде оқу жүктемесі бар мұғалімнің және аптасына 27 сағат жүктемесі бар басқа мұғалімнің еңбек шамасы, оның саны әртүрлі екені белгілі, демек – лауазымдық айлықтары әртүрлі– айлық жалақылары қосымша және үстеме ақысыз.
Педагог қызметкерлердің сауықтыру жәрдемақыларын толық мөлшерде алуға құқықтарын қорғау мақсатында сондай-ақ,Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 9.2-т.сүйенуге болады, онда жұмыс берушілер төмендегідей міндеттеме алған:
«9.2. Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде, лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлеуді қамтамасыз етуге келісті. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген мұғалімдердің, оқытушылардың, қосымша білім беру педагогтерінің, тәрбиешілердің, басқа педагог қызметкерлердің сауықтыру жәрдемақыларының мөлшері еңбек демалысын беру күніне олардың нақты оқу жүктемесінен есептеледі. Лауазымды қоса атқару жағдайында жұмыс істейтін тұлғаларға жәрдемақы жалпы негіздемеде тағайындалып, төленеді».
ҚР ӘҚБтК 97-бабы 3-т.сәйкес, «Ұжымдық шарт, келiсiм бойынша міндеттемені орындамау немесе бұзу – ұжымдық шарт, келiсiм бойынша мiндеттемелердiң орындалмауына кiнәлi тұлғаларға төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» (2 651 тенге * 400 = 1060400 тенге).
Қазақстандық салалық білім және ғылымқызметкерлерінің кәсіподағы