ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЕҢБЕКАҚЫ ТӨЛЕУ ТУРАЛЫ
Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдарына елдегі жарияланған төтенше жағдай кезеңінде білім және ғылым саласының қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге қатысты көптеген сұрақтар түсіп жатыр.
Төтенше жағдай уақытында қызметкерлердің еңбекақысын төлеу мәселесін шешу барысында ұйым басшылары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамалары мен әлеуметтік әріптестік актілерін міндетті түрде басшылыққа алуы тиіс.
Инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілетін шаралар кезінде білім беру ұйымдарының барлық түрлері бойынша жұмыс режимі «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында, жетім-балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында шараларды күшейту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылдың 14 наурыз күнгі № 108 бұйрығымен белгіленгенін атап өткен жөн.
Аталған бұйрыққа сәйкес, 16 наурыздан 15 сәуірге дейін:
-мектепке дейінгі білім беру ұйымдары штаттық режимде жұмыс істейді (карантин жарияланған аймақтардағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда);
- қосымша білім беру мемлекеттік ұйымдарының қызметтері тоқтатылды;
- кәсіптік және техникалық, орта білімнен кейінгі, және жоғары білім беру ұйымдары бекітілген оқу жүктемесі, оқу жоспары, бағдарламалары мен оқу кестесіне сәйкес қашықтан оқыту технологиялары негізінде оқытуға көшті;
2020 жылдың 16 наурызы мен 5 сәуірі аралығына оқушыларға көктемгі каникул белгіленді. Каникул уақытында педагогтар қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшеді: әдістемелік және шығармашылық жұмыстарын үйде жүргізуге болады. Мектеп директорлары педагогтарды каникул кезеңіндегідей шарттарда және толық көлемде жалақысын сақтай отырып, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіру жөнінде актілер қабылдайды.
Каникул аяқталғаннан кейін оқушылар шектеулер алынып тасталғанға дейін қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып, оқытылады.
Осылайша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша:
Жұмысқа шығып, еңбек қызметтерін атқарған педагогикалық және басқа да қызметкерге жалақы жалпы негізде толық көлемде төленеді.
Алайда, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың келу тәртібі еркін болу жағдайында қызметкерлердің бір бөлігі босатылуы ықтимал. Мұндай қызметкерлерге олардың жазбаша өтініші бойынша сауықтыру жәрдемақысын төлей отырып, жыл сайынғы еңбек демалысы (еңбек демалысының бір бөлігі) берілуі мүмкін. Егер қызметкер еңбек демалысын алғысы келмесе, жұмысберуші мұндай жағдайда оларды жұмыстың бос тұрып қалу режиміне көшіруге құқылы.
ҚР Еңбек кодексінің 1 бабы 1 тармақшасының 10) тармақшасына сәйкес бос тұрып қалу – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша жұмыстың уақытша тоқтап тұруы;
Бос тұрып қалу кезінде жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің 42 бабына сәйкес қызметкерді оның келісімінсіз жұмыстың бос тұрып қалу мерзімі бойына денсаулық жағдайына қайшы келмейтін басқа жұмысқа ауыстыруға құқылы.
Бұл ретте қызметкерге еңбек ақы орындаған жұмыстарына қатысты төленетін болады. Егер жұмыс берушінің бос тұрып қалу уақытында қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру мүмкіндігі болмаса, ол ҚР Еңбек кодексінің 112 бабын міндетті түрде басшылыққа алуы тиіс. Оған сәйкес, Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады және жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде белгіленеді.
Орын алған жағдайлар кезінде кәсіподақ органдарына жұмысберушілердің әлеуметтік әріптестік актілерін – келісімдер мен ұжымдық шарттарды орындауына бақылау жүргізу қажет.
ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 5.18 тармағына сәйкес, жұмыс берушіге және қызметкерге байланысты емес себептер бойынша жұмыстың бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі мен ақы төлеудің талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен анықталады.
Салалық кеңес Кәсіподақтың мүшелік ұйымдары мен жергілікті білім беру басқармалары арасында жасалған келісім макетін дайындау кезінде құжатқа төмендегі мазмұндағы 6.23 тармағын енгізу ұсынған: «Тараптар жұмыскердің кінәсіне жатпайтын жұмыстың бос тұрып қалуына жалақы қосымша төлемдер, үстеме ақылар мен жоғарылатуларсыз қолданыстағы көлемде төленеді деген келісімге келді».
Мұндай жағдайда туындаған мәселелерді шешу кезінде міндетті түрде ұжымдық шарттарды зерделеу керек.
Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары бойынша:
ҚР Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4-Қосымшасындағы 2 тармағына берілген Ескертпеге сәйкес, күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникул кезінде жасалған жұмыстар үшін педагогтардың еңбекақысы нақты жүктемені есептей отырып, каникул басталғанға дейін болған тарифтеу кезінде (қосымша ақыларын есепке алғанда) тағайындалған жалақы есебінен төленеді.
Жоғарыда келтірілген нормаларды қорытындыласақ, 2020 жылдың 5 сәуіріне дейін мерзімі ұзартылған көктемгі каникул кезінде айлықақы толық көлемде есептеледі.
Каникул аяқталғанда қашықтан оқытуға көшетін педагогикалық қызметкерлерге жалақы толық көлемде төленетін болады.
ҚР Білім және ғылым министрлігі «Пандемия кезеңінде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында орта білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру жөнінде әдістемелік нұсқамалар» әзірледі. Аталған ұсыныстарға сәйкес, іс жүзінде барлық педагогикалық қызметкерлердің барлығы оқу-тәрбие процесіне қатысады, демек олардың жалақысы толық көлемде сақталады.
Жалпы білім беру мектептерінде қаралатын кезеңде көмекші қызметкерлердің ішінен жекелеген жұмыскерлер босатылуы ықтимал. Мұндай қызметкерлерге олардың келісімімен ақылы еңбек демалысы берілуі мүмкін. Келісімін бермеген жағдайда қызметкерлер егер бар болса уақытша басқа жұмысқа немесе жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылуы мүмкін.
Басқа жұмысқа ауыстыру немесе жұмыстың бос тұрып қалу кезінде төленетін ақы шарттары туралы жоғарыда көрсетілді.
Қосымша білім беру ұйымдарының, сонымен қатар кәсіптік, техникалық және жоғары білім беру ұйымдарының қызметкерлері де жұмыстың бос тұрып қалу режиміне ауыстырылуы мүмкін.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КӘСІПОДАҒЫ