Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кезектен тыс есептік-сайлау конференциясы өтті
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының кезектен тыс есептік-сайлау конференциясы өтті. Конференция отырысына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, ұйым төрайымының орынбасары Әлия Әбиева, ұйымдастыру-кадрлық және халықаралық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Иманбаев және бас маман, еңбек инспекторы Айдарбек Бектабанов қатысты. Салтанатты жиынды университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы ашты.
2017-2020 жылдары бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған Әлібек Мәдібеков атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Бұл ретте Бақылау-тексеру комиссиясының да есебі тыңдалды.
Жарыссөзге қатысқан белсенді жастар Әлібек Мәдібековке алғыстарын айта отырып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Кәсіподақ жұмысына қатысты ұсыныстарын білдірді.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік кәсіподақ ұйымының төрағалығына Аян Әлімбеков сайланды.
Ә.Әбиева жаңадан сайланған төрағаға алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік, жемісті еңбек, толағай табыстар тіледі. Әлеуметтік әріптестіктің үлгісі ретінде университеттің кәсіподақ ұйымының жұмысын атап өтіп, қолдау көрсеткен университет басшылығына Салалық кәсіподақ атынан ризашылығын білдірді.
-
Фото
-