Ұстаздар қауымының көптен күткен "Педагог мәртебесі туралы" заңы қабылданды
Бұл құқықтық құжат педагог мәртебесін арттыру, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне жол ашу, арнайы құқықтық режимдермен қамтамасыз етіп, білім саласында еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бірнеше жылдардан бері педагог мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін көтеріп жүрген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы құжатты әзірлеу барысында құқықтық негізде педагогтардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған бірнеше нормаларды заңға енгізуге қол жеткізді.
Білім беру саласының қызметкерлерінің кәсіби мүддесі мен еңбек құқығын қорғайтын ұйым ретінде, Кәсіподаққа 40 000 астам ұсыныстар түсті. Олар жұмыс тобымен өңделіп, жүйеленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілді.
Заңда орын алған нормалар қатарында:
- жалпыорта білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың апталық оқу жүктемесін азайту;
- барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары педагогтарының жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысын 56 күнтізбелік күнге теңестіру;
- педагогтардың кәсіби жұмысына заңсыз араласуға жол бермеу;
- заңнамаларда қарастырылмаған тексерулер мен есептерден босату;
- мектепте жұмыс істейтін магистр дәрежесі бар ұстаздарға және тәлімгерлікке қосымша төлемақы беру;
-педагогтарға алдындағы айрықша еңбектері мен үздік жетістіктері үшін сыйақылы мемлекеттік награда беру;
-педагогтардың балаларына тұрғылықты мекен жайы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бірінші кезекте орын беру;
- түрлі деңгейдегі тексерушіліктерге байланысты материалдар мен олардың шешімдерін педагогтың келісімінсіз жариялауға тыйым салу бар.
Өкінішке орай, Салалық кәсіподақтың барша ұстаздардың
- 30 жыл және одан жоғары педагогикалық өтілімен зейнетке ерте шығуын;
- педагогтарға ақылы еңбек демалысына қоса сауықтыруға арналған екі жалақы көлемінде жәрдемақы беруін;
- педагогикалық мамандықта білім алған оқу мерзімі педөтілге саналуын;
- сонымен қатар, ең өзекті мәселе, педагогтың бастапқы айлықақы деңгейі республиканың орташа статистикалық еңбекақы көлемін құрауы жөніндегі тілектер мен ұсыныстары мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппағанын атап өткен жөн.
Білім кәсіподағы елдің болашағын қалыптастырудағы педагогтардың айрықша рөлін бағалай отырып, сала қызметкерлеріне әлеуметтік-экономикалық жағдай туғызу жөніндегі талаптарын күн тәртібінен түсірмейді.
"Педагог мәртебесі туралы" ҚР заңы ұстаз кәсібіне қоғам көзқарасын өзгертеді деген сенімдеміз.