Үздік техникалық инспекторлар анықталды
Астанада «Қауіпсіз еңбек– қоғамның табысты дамуының негізі» тақырыбында Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың республикалық II форумы өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған форумға орталық мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдарының басшылары, еңбекті қорғау саласындағы ғылыми қайраткерлер мен Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері, еліміздің түпкір-түпкірінен келген техникалық инспекторлар, сондай-ақ Халықаралық Еңбек Ұйымы Бюросының Еңбекті қорғау және еңбек инспекциясы бойынша бас маманы Валентин Мокану қатысты.
Басқосу барысында форумға қатысушылар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері төңірегінде сөз қозғады.
Шара аясында еңбек гигиенасы, өндірістегі қайғылы оқиғаларды зерттеу, жұмыс орнында аяқ асты қазаны болдырмау тақырыптарында шеберлік сағаттары өткізілді.
Шара соңында «Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар Федерациясының 2019 жылғы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Салалық білім кәсіподағынан Ярынюк Надежда Андреевна ( «Қызылорда қалалық білім бөлімі Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектеп» КММ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы) мен Мусурманов Шухрат Соврановичке («М. Шоқай атындағы №26 ЖОББ мектеп» КММ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы, АӘД ұйымдастырушы-оқытушысы) ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспекторы» дипломымен және 100 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтары табысталды.
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында белсенді жұмыс істегені үшін Еремина Лилия Геннадьевна, Қосаев Ерлан Аманбекұлы және Глущенко Виктор Васильевич Кәсіподақтар федерациясының алғыс хаттарымен марапатталды.
Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин форумды ұйымдастыруға белсенді атсалысқаны үшін Салалық білім кәсіподағына алғыс білдірді.
-
Фото
-