«Жаһандану жағдайында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жұмысының өзектілігі»
Осындай тақырыпта 2019 жылдың 3-4 желтоқсан күндері Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен семинар өткізілді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева, заңгері Р.Қыдырбаева және бас есепшісі Г.Тоқабаевадан құралған жұмыс тобының негізгі міндеті – «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына енгізіліп жатқан өзгерістерді түсіндіру, әлеуметтік әріптестіктің ролі мен еңбек қатынастары, кәсіподақ ұйымдарында есеп жүргізу тәртіптері жөнінде ақпарат беру.
3-желтоқсан күні ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында «Кәсіподақ ұйымдарындағы қаржылық жұмыс және бухгалтерлік есеп жүргізу» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Онда бухгалтерлік есепті жүргізудің қолданыстағы тәртібін қадағалау, кәсіподақ құрылымының барлық деңгейлеріндегі материалдық ресурстарды неғұрлым тиімді және ұтымды жұмсау, кәсіподақ бюджетінің бірыңғай баптар классификациясын енгізу, кірістер мен шығыстарды жоспарлау әдістемесі, қаржы құжаттамасының бірыңғай нысандарын қамтмасыз ету жөнінде әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді. Семинар жұмысына аудандық және бастауыш білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының көшбасшылары, кәсіподақ ұйымдарының есепшілері мен қазынашылары қатысты. Шара барысында Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай 8 жас ұстаз Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен және облыстық кәсіподақ есебінен Каспий теңізінің жағалауы – Ақтау қаласына демалуға арналған жолдамалармен марапатталды.
-------------------------
4-желтоқсан күні Ойыл ауданында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен «Жаһандану жағдайында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы жұмысының өзектілігі» атты көшпелі семинар өткізілді.
Семинарға Ойыл ауданы әкімінің орынбасары М.Айдарбаев, Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы С.Меруенов, ұстаздар, әлеуметтік әріптестер, мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелернің басшылары, басшы орынбасарлары, әдіскерлері, аудандық және бастауыш білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының көшбасшылары, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Семинар жұмысын Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Р.Серікова ашып, ұстаз мәртебесін биікке көтеру және беделін арттыру – қай кезде де кәсіподақ назарында екенін атап өтті. –«Біз Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заңның күшіне енуін асыға күтіп отырмыз. Қоғамның қозғаушы күші – ұстаздарға қолдау көрсету Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қадағалауында тұрғаны қуантады» деді Облыстық кәсіподақ төрайымы.
Шарада Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева сөз сөйлеп, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына енгізіліп жатқан өзгерістер мен түзетулер туралы түсіндірді. Әлеуметтік әріптестіктің ролі мен еңбек қатынастары, Салалық кәсіподақтың негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырып, кәсіподақ мүшелерінің өзекті сұрақтарына жауап берді. Салалық кәсіподақтың заңгері Р.Қыдырбаева да білім қызметкерлерінің құқықтық сауалдарына жауап берді. Салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы Ойыл жастарымен кездесіп, көкейтесті ойларымен бөлісті.
Семинар соңында 2 кәсіподақ мүшесі «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 4 кәсіподақ мүшесі Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен, 5 қызметкер облыстық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталды және облыстық кәсіподақ есебінен 2 ұстазға шипажайда демалуға жолдама, 7 қызметкерге сыйақы Сертификаттары ұсынылды.
Сонымен қатар, Салалық кәсіподақ төрайымы А.Мукашева Қобда ауданының білім қызметкерлерімен кездесіп, өзекті сауалдарына жауап берді.
Бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректорымен, педагогтарымен кездесті.
«Қазақстандық салалық білім
және ғылым қызметкерлері кәсіптік
одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» ҚБ
-
Фото
-