Білім кәсіподағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін 75 жылдық мерейтойымен құттықтады
Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шараға университеттің танымал түлектері мен оқу орнының экс-ректорлары, елдегі және шетелдегі ЖОО-ның басшылары, қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялылары, сондай ақ Салалық білім және ғылым кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева қатысты.
Еліміздегі педагог мамандар мен кадрларды даярлайтын бірден бір білім ордасы – Қыздар педагогикалық университетінің оқытушылар құрамы Салалық білім және ғылым кәсіподағына мүше. Кәсіподақ төрайымы А.Мұқашева студенттер мен Қыздар педагогикалық университетінің ұжымын 75 жылдығымен құттықтап, мерейтойға орай оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамына 1 млн 500 мың теңгенің шипажайлық-сауықтыру жолдамаларын табыстады. Сондай-ақ бір топ оқытушыны ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарымен, салалық кәсіподақтың «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен және Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Университет мерейтойына арналған шара аясында «Үкілі үміт» қайырымдылық балы өткізілді. Қайырымдылық кеште қыздар университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдан жасалған шығармашылық жұмыстары мен бағалы жәдігерлер сатылымға шығарылды. Одан түскен қаражат І топ мүгедегі Айсұлтан Асылханның еміне жұмсалмақшы. А.Мұқашева қайырымдылық шараға атсалысып, Айсұлтан Асылханның шетелдегі еміне Салалық кәсіподақ ұйымынан 300 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кету керек, Орта Азия аймағындағы бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орнының іргетасы 1944 жылы қаланған. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясын осы уақыт аралығында 60 мыңнан астам білікті маман тәмамдаған. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен университетке «Ұлттық» мәртебесі берілді.