Жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өтті
2018 жылғы 19 қазанда Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жанындағы Жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысы өтті.
Өңірлік Жастар кеңесінің өкілдерінің қатысуымен ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Халыққа Жолдауы талқыланды.
Жастар ісі жөніндегі Кеңестің төрайымы Әлия Әбиева Кеңес мүшелерін Жолдауда қойылған міндет-тапсырмалармен, «Жастар жылы» төңірегіндегі атқарылатын шаралардың жобасымен таныстырды және қатысушылар да өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Осымен қатар ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты қатысушылар көптеген әлеуметтік мәселелерін де көтерді. Мәселен, Жезқазған аумақтық білім және ғылым кәсіподақтары жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы Айдын Ахатов педагог қызметкерлердің балаларын бала-бақшаға орналастыруына қатысты жеңілдіктер қарастыру керектігіне жеке тоқталды. Ауылдық жерлердегі педагогтарға берілетін коммуналдық төлемдердің өтемақысы да тысқары қалмады. Неғұрлым жергілікті мекен қаладан алшақ болса, соғұрлым берілетін өтемақы да аз болса керек. Көмірге төленетін өтемақысының көрсеткіші де бір облыс көлемінде әртүрлі берілетіні жастарды мазалауда.
Талдықорған өңірінің жас өкілі мектеп ұжымына келген жас маманның сынып жетекшісі ретінде бекітілуінде ата-аналар тарапынан туындайтын наразылықты да айтып өтті. Бұл жөнінде қандай ұсыныс-шешім болуы жөнінде Ернар Иманбаев түйіндеді.
Сонымен қатар, Кеңес мүшелері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы жас мамандарға тиесілі жеңілдіктер мен баспанаға қатысты берілетін несиелердің, сол сияқты «7-20-25» талап-көрсеткіштерін қайта қарастыруды ұсынады. Себебі, нарықтық экономика заманында Ұстаз атаулының жалақысына тіпті, ауылдық жердің өзінде тұрғын-үй алуы неғайбыл.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің өкілі Әлібек Мәдібеков ұстаз мәртебесіне қатысты тың пікірімен бөлісті. Еңбекақы мәселесі өз алдына, бірақ қоғамдағы сананы да өзгерту үлкен рөл атқаратынын алға тартты. Бүгінгі таңда ұстаздыққа қатысты БАҚ-тан көрер жарнамалар мен бейнероликтер немесе көше бойынан бақайтын билбордтар шамалы, тіпті жоқ десек те, қателеспейміз. Осыған орай ауқымты жобалардың байқауын жариялауды ұсынды. Университеттің Ғылыми кеңесі отырысында осы бағытта көптеген жобаларды ұсынғанын және университеттің басшылық құрамы тарапынан ауылдан келген үздік оқитын студенттердің мұғалімдері мен мектеп директорларына Алғыс хат жолдауы да ұстаздық мәртебені бір елі болсын арттырады.
Маңғыстау және Түркістан облыстары Жастар кеңесінің төрайымы мен төрағасы Алима Кульчикова және Жандос Қорғанбаев шараларды жоспарлау барысында ұлттық кодты дамытудың бағыт-бағдарын да ескеру керектігін атап өтті. Себебі, қазіргі заманда деструктивті, яғни теріс діни ағымдардың орын алуына орай ҚР Қоғамдық даму министрлігінің өкілдерін тартуды, жас мамандар үшін осы бағытта түрлі шаралар өткізуді, студент жастарына қатысты театрларға жиі бара отырып, мәдениеттілік құндылықтарды арттыруды ұсынды.
Сонымен бірге Ж. Қорғанбаев династиялық педагогтар әулетіне де жеңілдер қарастыру мәселесін ортаға салды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері тарапынан Тұңғыш Президент күніне қарсаңында ұйымдастырылатын дәстүрлі VI Жастар форумы биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді және осы шара Жастар жылы аясында өткізіледі.
Отырыс өте қарқынды диалогқа айналып, Елбасы қойған мақсат-міндеттерін, ҚР «Педагог мәртебесі» заң жобасын жасауға, оның жүзеге асуына әрбір қатысушының қосар үлесінің қомақты болатынын атап өтті.
-
Фото
-