«Барлық әрекеттер заң аясында жүргізілуі тиіс»
21 ақпан күні Астана қаласында салалық кәсіподағы Кеңесінің отырысы өткізілді. Оған Кеңес мүшелерінен бөлек Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары М. Тоғжанов қатысты. Күн тәртібінде сала кәсіподағының Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2018 – 2019 жылдарға арналған жаңғырудың "Жол картасын" жүзеге асыру бойынша тапсырмаларды талқылау, сала кәсіподағының есеп беру – сайлауды өткізу және Кәсіподақтар федерациясының Бас Кеңесі мүшелігін ауыстыру туралы мәселелер талқыланды.
Кеңес жұмысы барысында сала кәсіподақ белсенділері бүгінгі таңда әр өңірлерде атқырылып жатқан жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіподақ қозғалысының барлық деңгейлерде жүргізілген белсенді жұмыс нәтижелерін ортаға салды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майра Амантаева «2018 – 2019 жылдарға арналған Кәсіподақтар федерациясы жаңғырудың «Жол картасында» көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру туралы» баяндама жасады. «Жаңа ақпараттық саясатты тиімді жүргізу арқылы салалық кәсіподақ қозғалысын жандандыру арқылы кәсіподақтың қоғамдағы имиджін жаңа сатыға көтеру, әлеуметтік әріптестікті, кәсіподақтық оқытудың тың әдістерін жандандыру сынды кезек күттірмейтін мәселелерге айрықша назар аудару керек. Кәсіподақ қозғалысын жаңғырту – бұл қысқа уақыт аралығына арналған үрдіс емес. Кез келген саладағы жаңару мен жаңғыру үнемі әрі жүйелі түрде өткізілуі тиіс. Кәсіподақ мүшелері жаңғырудың мазмұнын дұрыс қабылдаған жөн. Кәсіподақ қозғалысын жаңғырту дегенді еңбек адамдарының әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау жолында серпінді оң өзгерістер алып келу деп түсінген жөн», -деп атап өтті М. Амантаева.
Сала кәсіподақ қозғалысын дамытуға бағытталған маңызды мәселелер талқыланған Кеңес жұмысында кадрлық құрамды күштеп өзгерту, сонымен қатар азаматтық қоғамның белсенді ұйымы ретінде жұмыс атқарып жатқан өңірлік сала кәсіподақ ұйымдарына жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан қысым жасалынып жатқандығы туралы дабыл қағылды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуға арналған «Жол картасының» сала кәсіподағы қызметіне қатысты кемшіліктер мен ескертулер тілге тиек болды. Мәселен, «Кәсіподақ қозғалысына тәжірибесі аз жас мамандарды басшылыққа ұсыну үрдісі белең алып келеді. Ең алдымен оларды оқытып өсірсек, олардан білікті басшы шығатыны күмән тудырмайды. «Жол картасында» көрсетілген жаңғырудың бағыттарын салалық кәсіподақтың көптеген аймақтарында осыдан бірнеше жылдан бері іс жүзінде атқарылып келеді. Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш тарапты комиссия жұмысымен белсенді қарым-қатынас орнатылған. Барлық облыс көлемінде кәсіподақтық оқыту тұрақты жүргізіліп келеді. Еңбек адамына қажетті заңнамалық құжаттармен таныстыру, салалық келісімдер, ұжымдық және еңбек шарттарын жасау, оларды талқылау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өндірістік кеңестердің қызметі жөніндегі көптеген семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру республикалық салалық кәсіподағынан бастап, облыстық, қалалық, бастауыш ұйымдарына дейін тұрақты өткізілуде. Аталған бағыттардағы жұмыстардың көпшілігі біздің тарапымыздан онсыз да жүйелі түрде атқарылып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн»,-деді Павлодар облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Е. Иманбаев.
Сала кәсіподағының есеп беру – сайлауды өткізу туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Ол туралы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары В. Беженаров баяндама жасады. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жарғысын негізге ала отырып кезекті XIV кәсіподақ съезін 2019 жылы сәуір айында өткізу туралы шешім қабылданды. Съезд делегаттарын ұсыну нормасы бойынша 5000 кәсіподақ мүшесі атынан 1 өкілетті делегат қатысады.
Кәсіподақтар федерациясының Бас Кеңесі мүшелігін ауыстыру туралы мәселе бойынша Ақмола облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бейсенбай Әбдірахмановтың орнына Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Тарбия Бейімбетова бекітілді.
Көтерілген күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Кеңес Қаулысы қабылданды.
Кеңес жұмысы соңында «Қазақстан кәсіподақтары» республикалық мерзімді басылымға жазылу бойынша үздік деп танылған алғашқы үш облыстың кәсіподақ басшылары, атап өтер болсақ, үшінші орынмен Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Даупбаев, екінші орынмен Талдықорған облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы С. Әбіхадіров, бірінші орынмен Қостанай облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Зияда Делдібекова Кәсіподақ федерациясы тарапынан марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Қазақстандық салалық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі.
-
Фото
-