Тың жоспарларға арқау болған Кеңес мәжілісі
2017 жылды аяқтап жаңа 2018 жылға қадам басқалы жатқанда еліміздің барлық ұйымдарында қорытынды мәжілістер өткізіліп, атқарылған қызметтерге баға беріліп, алға жаңа жоспарлар құратыны ақиқат. Өткен жылды қорытындылауға арналған жиналыс 21 желтоқсан күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағында Кеңес мәжілісі сипатында өткізілді.
Салалық кәсіподақтың 2014 – 2019 жылдарға арналған негізгі бағыттарын іске асыру барысы және кәсіподақ органдары жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі міндеттер туралы кәсіподақ төрайымы Майра Амантаева баяндама жасады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен жасасқан әлеуметтік әріптестіктің сала кәсіподақ қызметін жандандыруға оң ықпалын тигізгендігін баса атап өтті. Дей тұрғанмен салалық кәсіподақ жұмысы бағытында ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық қорғалуды қамтамасыз етуде кезедесін кемшіліктер де ортаға салынды. Жергілікті жерлердегі кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстарына қарамастан, атқарушы билік тарапынан ауылды елді-мекендерде тұратын мұғалімдердің коммуналды шығындарына өтемақы төлеу, аумақтағы білім беру қызметкерлерінің міндетті мерзімдік медициналық тексерулердің жұмыс берушілер есебінен өтеу мәселелеріне қатысты немқұрайлылық танытулары кәсіподақ белсенділерін алаңдатуда. «Салалық кәсіподақ үшін аса маңызды мәселе – ұстаздардың еңбек ақысы. 2016 жылдың 1-қаңтарынан бастап жалақы 29 пайызға көтеріліп, еңбек ақы төлеудің жаңа моделі енгізілген болатын. Бірақ Үкіметтің бұл шараларымен еңбек ақы төлеу мәселесі шешілмеді. Экономикадағы дағдарыс құбылыстары, ұлттық валютаның құнсыздану, инфляция бюджет ұйымдары қызметкерлерінің, соның ішінде педагог қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатына кері ықпал етуде. Мұғалімдердің жалақыларының деңгейі еліміздегі ең төменгі жалақылардың бірі болып табылады. Мысалы, жоғары білімді жас мұғалімнің тарифтік жүктемесі бар болғаны 42 мың теңге, ал орта білімі бар педагог мамандыкы одан да аз – 35 мың теңге шамасында. Түрлі саладағы қызметкерлерді табыс деңгейлері бойынша осындай жіктеу мемлекет саясатының әлеуметтік-еңбек саласындағы айтарлықтай кемшілігін көрсететінін айта кеткен жөн»-делінген М. Амантаева баяндамасында.
Аталғандардан бөлек, сала қызметкерлерінің кадрлық ахуалы жайлы да өзекті мәселелер көтерілді. Салалық кәсіподақ қызметінің ақпараттық жұмыстарды жетілдіре түсуге қатысты сын-ескертпелер - әсіресе ресми сайттың мазмұны мен техникалық қолдау бағытындағы мәселелерге баса назар аудару керектігі айтылды.
Салалық кәсіподақтың әр өңірінен келген Кеңес мүшелері өздерінің кәсіподақ қызметіндегі ерекшеліктеріне тоқталып, тәжірибелерімен бөлісті. Жылдық қорытындыны түрлі сандық мәліметтермен айшықтады.
Сонымен қатар, Кеңес мәжілісі барысында салалық кәсіподақтың «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті студенттерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы» мен «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы» бөлімшелерін ашу туралы мәселелер туралы салалық кәсіподақ төрайым орынбасары В. Беженаров таныстырып шықты. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мен студенттер бастауыш ұйымын ашу тәжірибесіне сүйенсек, мұндай бастауыш ұйымдар сала кәсіподағының қызметін жандандыру бағытында айрықша рөл атқаратындығына көз жеткізуге болатындығын атап өтті.
Мәжіліс соңында түрлі деңгейдегі салалық марапаттауға ие болған қызметкерлерді құттықтау рәсімі өткізіліп, барлық кәсіподақ мүшелеріне ізгі тілектер айтылды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Баспасөз қызметі
-
Фото
-