Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласының аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жастар кеңесі Үндеу қабылдады
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңғырту 3.0» атты халыққа Жолдауының жалғасы іспеттес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жастар кеңесі мүшелері талқылай отырып, оның өскелең ұрпақтың саналы, бәсекеге қабілетті болуы мен ұлттық болмысымызды айшықтауға негіз болатын темірқазық ретінде қабылдады. Өткір ойлы салалық кәсіподақ жастары мақаланың түпкі терең тәлімі халқымыздың рухани әрі заманауи ұлттық нақыштың тағлымға толы жаңғыруын көздегенін бағамдады. Сондықтан, жас кәсіподақ белсенділері тер мен бейнеттің, тынымсыз еңбектің, талмай ізденудің, жалықпай оқып-үйренудің жемісі жасампаз кемел елдің келешегі мен еңсесін тіктейтін даңғыл жолға апаратынына сенеді.
Уақыт талабы мен замана тегеуріні ұлттың рухани алдаспанын биік самғауға итермелеп жатқанын аңғара аламыз. Сол себепті, ең алдымен, ұлт болмысының төл сана-сезімімен ұштасқан тарихи міндетімізді анық сезінуіміз керек. Әр дәуірдің өз жауапкершілігі мен міндеті бар. Сондықтан бүгінгі дәуір - әр қазақстандықтың жауапкершілігіне азаматтық, ұлттық, елдік миссия артып отырғанын естен шығармағанымыз абзал.
Елбасының атаулы бағдарламалық мақаласында белгілеген бағыттар білім беру саласының жастарына етене жақын. Сапалы ұлт тәрбиелейтін, олардың таным көкжиегін кеңейтетін, қиын шақтарға қарамастан ұлы істерде бастама көрсете білген ұстаздар қауымының аталған тарихи жаңғыру үрдісіне де маңғаздық танытпайтынына біз кәміл сенеміз.
Болашақтың бәсекесі білімді маман, білікті адам. Осынау қағиданы бетке ұстап, үш тілді білімді меңгеріп, көп ұлттың бір шаңырақ астындағы бірлік пен татулықты әшкерелейтін біз сияқты жас буын өкілдерінің атынан ұлтаралық келісімнің, білімдар буын қалыптасатынына атсалысамыз. Жаңғырудың жаңашыл талаптарына бой ұсынып, дүниежүзінің бізбен санасатын, әлеуметтік жауапты, экономикалық қуатты, демократиялық дамыған, ұлттық рухты мақтан ететін, абыройы мен беделі биік мемлекетті құруға барынша күш-қуатымызды арнауға республиканың барлық жастарын шақырамыз.
Үндеу Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жастар кеңесінің отырысында қабылданды.
Қостанай қаласы, 2017 жыл 14 сәуір