Салалық кәсіподақ Жастар кеңесінің отырысы өтті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 12 сәуір күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының барлық мүшелік ұйымдары етене танысып, оның ұлттық мұратты көздеген идеялық айнасын жоғары бағалады. Аталған мақаланы талқылау аясында 14 сәуір күні Қостанай қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жастар кеңесінің отырысы өткізілді.
Жастар Кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын талқылау мен ондағы көрсетілген бағыттар негізінде салалық кәсіподақ қызметінің жұмыс жоспарын белгілеу, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттер кәсіподағының жұмыс тәжірибесімен танысу, салалық кәсіподақтың республикалық жастар жазғы лагерінің дайындық жұмыстары сынды мәселелер талқыланды.
Отырыс барысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрайымының орынбасары Айгүл Мұқашева Елбасының мақаласына қатысты «Мақаланы оқығаннан ұлттың жандануындағы негізгі бастамалардың өте тыңғылықты ойланыстан туындағанын аңғару қиын емес. Ұлт көшбасшысының көтерген маңызды толғаныстарын осында отырған әрқайсыларыңыз өңірлеріңізге барып жастар арасында насихаттауларыңыз керек. Себебі, Елбасы барлық үміт пен сенімді бүгінгі жастарға артып отыр. Сенім үдесінен шығып, ұлттың бәсекеге қабілетті жаңғыруын сәтті жүзеге асыру үшін баршамыз стратегиялық мақсатты бағындыру жолында еңбек етуіміз керек» деген ойын білдірді.
Сонымен қатар Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттер кәсіподағының төрағасы Әлібек Мадибеков студенттер кәсіподағы ұйымының төңірегінде атқарылған жұмыстар легімен таныстыра кетіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мақаласында атап көрсеткен негізгі бағыттар бойынша әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жастар арасында жүргізуге болатындығын атап өтті. Жастар ұйымдары арасындағы әріптестік қарым-қатынастың маңыздылығын да атап өтті.
Маусым айына жоспарланған салалық кәсіподақтың республикалық жазғы жастар лагерінің дайындықтары турады Жастар кеңесі төрағасының орынбасары Ернар Иманбаев таныстырып өтті. Аталған жазғы лагер жұмысы да салалалық кәсіподақ қозғалысының жандануына жаңа леп, тың идеялар, белсенді серпін алып келері сөзсіз.
Осы жерге орай Жастар кеңесінің басшылық құрамы ауысқанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл орынға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Халықаралық байланыстар, әйел мен бала ісі жөніндегі мәселелерге жетекшілік ететін, Астана қаласы Жастар мәслихатының депутаты Алия Абиеваны кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беріп сайлады.
Кеңес отырысы соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына қолдау көрсету аясында Жастар кеңесі отырысының Үндеуін қабылдады.
Арай Үйренішбекқызы,
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз хатшысы.