Салалық кәсіподақтың тұңғыш республикалық заңгерлер семинары – құқық қызметтің жандануына берері көп
5 сәуір күні Астана қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлары үшін семинар-жиналыс өткізілді. Аталған семинарға еліміздің әр аймағынан түрлі деңгейдегі салалық кәсіподақ ұйымдарының заңгерлері мен еңбекті қорғау бойынша инспекторлары қатысты. Мұндай алғаш рет өткізілген республикалық семинардың салалық кәсіподақ жұмысындағы құқықтық қызметтің жандануына, уақыт талабына сай кәсіподақ мүшелерінің заңды мүдделерін қорғаудағы біліктілік көкжиегін бұрынғысынан да бекемдей түсетіні сөзсіз.
Семинар барысында салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары В. Беженаров 2016 жылғы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының техникалық инспекцисының жұмыс қорытындысымен таныстыра келе, ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғайтын кәсіподақ ұйымдарындағы техникалық еңбек инспекцияның маңыздылығына айрықша тоқталды. Сонымен қатар В. Беженаров құқық қызметіндегі мамандардың даралығын анықтау мәселесіне қатысты сұрақтарды да ортаға салды. В. Беженаровтың айтуынша бүгінгі таңда кейбір аймақтық салалық кәсіподақ ұйымдарында заңгер қызметі мен еңбек инспекторы қызметін бірге атқарып жатқан қызметкерлер көптеп кездеседі. Алайда қызметтік ерекшеліктерге байланысты мұндай жауапкершілігі басым қызмет түрлерін даралау, оларды жүйелікке келтіріп, бірізділік бағытта жұмыс атқару керектігі аса өзекті мәселе екенін аңғартады. Аймақтық келісім шарттар негізінде өңірлердегі білім беру мекемелеріне қоғамдық бақылауды күшейту арқылы ұстаздардың жұмыс және демалыс уақытының заңдылығына баса назар аударуға болатындығын да тілге тиек етті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қорғау және еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы Г. Орақбаева еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеу мен тіркеу мәселелеріне қатысты баяндама жасады. Өз баяндамасында Г. Орақбаева қызмет барысында болған жазатайым оқиғалардың тіркеу заңдылықтары мен комиссия жұмысының тәртібімен кеңінен таныстырып өтті.
Еңбек дауларына қатысты құқықтық көмек көрсетудің рет тәртібі, ұжымдық келісім шарттың, әкімшілік-еңбек туралы заңнамалардың жүзеге асуына бақылау жүргізу кезінде кәсіподақтағы техникалық-құқықтық инспекциялардың атқарар рөлі орасан зор. Сондықтан, зайырлы әрі құқықтық мемлекеттің азаматтық қоғам институтындағы бөлінбес бөлшегі әрі ең белсенді қоғамдық ұйымның бірі ретінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық қызметін халықаралық талаптар негізіне бағытттап, кәсіподақ мүшелерінің сенімінен шығуға, олардың құқықтық сауаттылығын жетілдіруге бастама көрсетуден ұтарымыз көп болмақ.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-