Жаңа кітап. Терең сыр.
25 наурыз күні Алматы қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаеваның «Өмір өткелдері» атты кітабының таныстырылымы өтіп, жұртшылық алдында тұсауы кесілді.
Елімізге белгілі қоғам қайраткері, кәсіподақ қозғалыс көшбасшыларының бірі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас кеңесінің Халықаралық ақпараттық академиясының академигі, Кеңес дәуірінде, яғни, 1974 жылы қазақ жас ұстаздарынан шыққан алғашқы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Майра Тұрғанқызы Амантаеваның бұл кітабы тәуелсіз Қазақ еліндегі кәсіподақтар қозғалысының қалыптасу тарихынан сыр шертеді.
Алты бөлімнен тұратын аталмыш кітаптан Майра Амантаеваның жұмысынан тыс уақытта қолына қалам алып, өзінің тыныс-тіршілігі мен тұрмыс-болмысының шындығына бірегей бет бұрған, өмір тізбектері мен қызмет жолдарының, кәсіподақ қозғалысының қиын-қыстау кезеңдеріндегі батыл ұстанымдарының іздерін көре аламыз.
Майра Тұрғанқызының мамандығы – мұғалім, математика пәнінің маманы. Осы салада он жылдан астам еңбек еткен. Мектепте мұғалім болып жүріп, балаларға сапалы білім, саналы тәрбие бере білген ұлағатты ұстаз. Мұғалім мамандығының өзі шығармашылыққа, ізденіске баулыйтындықтан, ұлы жазушылар секілді суреткер болмаса да, Майра Амантаева өмірдегі көркемдікті сезе біліп, қабылдай білетін қасиетімен кешегі өткен күндерді қағаз беттеріне түсірді. Әкім Тарази ағамыздың «Әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар»- деп айтқан сөзі бар. Сондықтан, теңіз терең емес, адамның жаны терең, біздерге ұсынылған кітап авторының жүрек сырын, өмірдегі тағы бір қырын танытты.
Майра Тұрғанқызының үлгілі өмір өнегесінен жанымызға жақын тұстарын қабылдап, тағлым мен таным көкжиегіміздің арнасын толтырып, сөнбес шоқ, өшпес ұшқын қалтыратыны сөзсіз.
М. Амантаеваның мерейтойы аясында өткізілген кітаптың тұсау кесер салтанатында М. Тұрғанқызымен бірге үзеңгілес әріптестері кәсіподақ қозғалысының тәуелсіз Қазақстанның жаңа қалыптасу кезеңдеріндегі қиындықтары мен естеліктерін бөлісе отырып, Майра Тұрғанқызының қаламгерлік қуатына жандану тіледі. Жаңа кітаптың тұсау кесер салтанаты
Автордың кемеңгерлік жасына келген мерейтойымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б. Сағынтаев, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Д. Назарбаева, Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А. Балаева, Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М. Жұрынов, Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик Б. Жұмағұлов бастаған ел азаматтарының ізгі тілектері жазылған құттықтау хаттарының санында шек жоқ. Сонымен қатар, Білім беру кәсіподақтарының Еуропа комитетінің төрайымы С. Флоккен, Халықаралық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Г. Меркулова, "Подкрепа" Болгар Кәсіподақтар Конфедерациясының төрағасы Ю. Петров, Әзербайжан Кәсіподақтар Конфедерациясының төрағасы С. Мехбалыев сынды алыс-шетелдік халықаралық ұйымдардан келге құттықтау хаттардан Майра Амантаеваға деген ізгі құрметті аңғара аламыз.
Сенат депутаттарының аттарынан келген жылы лебіздерді Сенат депутаты А. Бижанов білдірді. Білім саласының қызметкерлеріне сіңірген ерен еңбегі үшін ҚР Жоғарғы оқу орындар Ассоциациясының президенті Р. Алшанов М. Амантаеваны сала қызметкерлеріне сіңірген еңбегі үшін Байтұрсынов атындағы Алтын орденімен және ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М. Жұрынов Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапаттады.
«Аузын айға білеген жазушы болмасам да, білім саласында жүргендіктен жазу- сызудан құр алақан емесппін. Қойын дәптерім қоңды болғасын, сиясы сырлы, сөздері мұңды сәттер де жоқ емес. Бұл – жазушыларға тән қасиет. Оқырман өзіне керегін таңдап алар»-деп М. Амантаева кітабының алғысөзінде жазып өткендей «Өмір өткелдері» атты кітапқа біз де ақжол тілеп, оқырмандардың лайықты бағасына бөленеді деп сенеміз.
Тұсау кесер соңында М. Амантаева өзінің атына келген құттықтауларға ризашылығын білдіріп, бұл тек оның еңбегіне берген баға емес, күллі салалық кәсіподақ қозғалысына бағытталған зор сенім екендігін білдірді.
Арай Үйренішбекқызы
-
Фото
-