«Жаңғырту 3.0» - дамудың даңғыл жолы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы ел дамуы мен мемлекет өркендеуіне тың серпіліс алып келетін стратегиялық мәні зор бас құжат болып табылатынын халық жақсы біледі. Елдің саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік әрі рухани деңгейінің әлемдік бәсеке айдынында кез келген сынаққа төтеп бере алатындай деңгейге қол жеткізуі үшін, елдік мүдде жолындағы маңызды мұндай құжатты басшылыққа алып, ондағы көрсетілген бағыттар мен басымдықтар бойынша мемлекеттің әр саласы өздеріне тиісілі міндеттерді орынды атқарса, еліміздің қол жеткізер жетістіктері әрқашан да еселей түсері хақ. Биылғы Президенттің «Жаңғырту 3.0» Жолдауы да елдің жаһандық додадағы абыройы мен жауапкершілігін айшықтай отырып, келелі міндеттер мен сындарлы тапсырмаларды белгілеп берді.
Мемлекеттің жаңғыру жолындағы ірі қадамдардың бірі - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта құру мақсатында Конституцияға реформа жүргізу бастамасы. Екі билік құрылым жұмыстарының нақты әрі тиянақты болуына, сондай-ақ мемлекеттің даму балансын сараптауда жауапкершілік танытады деп ойлаймыз. Ел тарихында дәуірлік оқиғалармен өлшенетін тәуелсіздікті алған жылдардан бері Елбласының алдымен экономика, содан кейін саясат ұстанымының ұтқырлығы Қазақстанның халықаралық аренадағы экономикалық әлеуетін паш етті.
Елде жүргізіліп жатқан ірі саяси бастамалар мемлекетті дамытудағы айрықша рөлді танытатыны рас. Дүниежүзіне әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуымен көзге түсе білген жас мемлекет үшін, ондағы бейбітшілік пен келісім тепе-теңдігінде өмір сүріп жатқан халық елдегі болып жатқан кез-келген саяси жаңалықтарға бей-жай қараған емес. Елбасының жыл сайынғы Жолдауын да халық тағатсыздана күтетіні белгілі. Ірі реформалар, мемлекеттік маңызды саяси ұстанымдар, өркениеттілік пен тұрақты дамуға жол бастайтын мемлекеттік стратегиялық бас құжатты елдегі ең ірі қоғамдық ұйым – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына, оның мазмұны мен терең мәніне ерекше жауапты көзқарас танытады.
Демократиялық қоғамның ірі институттарының бірі ретінде, құрамында 870 мыңнан астам мүшесі бар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы да Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруда өз міндеттерін айқындау мақсатында 25 наурыз күні Алматы қаласында салалық кәсіподақтың республикалық активін өткізді. Елдің барлық облыстарынан келген салалық кәсіподақ белсенділері аталған республикалық актив барысында мемлекеттік маңызды міндеттерді орындауда тиісті өз үлестері мен тапсырмаларына айрықша тоқталып өтті.
Аталған республикалық актив өткізілмес бұрын елдің барлық білім беру мекемелерінде, салалық кәсіподақтың түрлі деңгейдегі ұйымдары мен еңбек ұжымдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы талқылаудан өтіп, тиісті ұстанымдары мен бағыттар белгіленді. Жалпы ұлттық талқылаудан өткен биылғы Жолдау елдің тыныштығы мен бірлігін сақтай отырып, белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыруда кездесетін қиындықтарды еңсеру арқылы білім және ғылым қызметкерлеріне артылар сенім мен жауапкершіліктерін сезінуге негіз болары сөзсіз.
Нарықтық жағдайда мамандардың сапасын арттыру мәселесі тікелей адами капиталдың жоғарғы көрсеткішімен өлшенеді. Ал адами капиталдың негізгі сапалық өлшемі оның білім деңгейінің көрсеткішімен анықталады. Бәсеке неғұрлым артқан сайын, адами капиталдың сапасына қойылар талап та соғұрлым жоғарлап келе жатқан озық технологияның заманында білікті маман мен білімді жастарды оқытатын ұстаздардың кәсіби әлеуетін заман көшіне қарай лайық жетілдіру керек. Мемлекеттің заманауи рухани білім деңгейін көтеруде, Жолдауда белгілеген ауқымды міндеттерді жүзеге асыруда кездесетін түрлі қиындықтардың тігістерін жатқызып, шашасын шығармай, тиісті билік өкілдерімен уағдаластық бағытында бірлескен іс-қимылдар атқарсақ, әлем көшіндегі абыройымыз да, беделіміз де тиісінше еселенері сөзсіз. Келелі мідеттерді атқаруда қазақстандық қоғамдағы ұстаздардың мәртебелерін көтеру мәселесі де күн тәртібіндегі айтарлықтай маңызды болып отыр. Елдегі ұстаздардың имиджі көтерілген сайын, мемлекетіміздің де мәртебесі жоғарлайтыны анық. Ұстаздардың еңбектерін лайықты бағалау керек. Мемлекеттің қозғаушы күші, елдің стратегиялық жоспарына үлес қосатын, халық шаруашылығына мамандар дайындайтын негізгі еңбек иегері – мұғалімдер екенін ескерсек, олардың еңбекақылары мен қоғамның оларға деген көзқарасын өзгертуіміз керек. Білікті мамандар дайындау арқылы нарықтың кез келген бәсекесіне төтеп бере алатынымыз ақиқат. Мұндай пікірді салалық кәсіподақтың республикалық активі барысында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева білдірді. Сонымен қатар, М. Амантаева Жолдауда аталып өтілген басымдықтардың маңыздылықтарына тоқтала келе, тәуелсіз ел ұрпақтарының сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесіне және білім саласындағы бәсекелестікті неғұрлым арттыру үшін адами капиталдың қосар үлесіне ерекше тоқталды.
«Конституцияға енгізілген өзгерістер - елдегі жүргізілген ең ірі саяси реформа. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев жаңа басқару жүйесін ұсынды - Үкімет пен Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтіп, Президенттің қызметіне байланысты 40-тан астам өкілеттіктерді Парламент пен атқарушы билікке беріп отыр. «Қазақстанның үшінші жаңғыру» атты Жолдауы да Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің жаңа дәуіріне жол бастайтыны анық. Елдегі білікті педагог мамандардың тапшылығы әлі күнге дейін байқалатындығы, әсіресе, ауылды елді-мекендерде бұл өте өткір мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек республика көлемі бойынша 457 ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімнің жетіспейтіндігін аңғара аламыз. Бұл өзекті мәселеге кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде әр аймақтық кәсіподақ өкілдері жергілікті билік өкілдері және білім мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс атқаруы тиіс»-деп атап өтті өз сөзінде салалық кәсіподақтың төрайымы Майра Амантаева.
Жолдауда атап көрсетілген төртінші бағыт – адами капиталдың сапасын арттырудың өзектілігі жайында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымы» ҚБ-нің төрайымы Гүлсін Орынбаева да тоқталып өтті. «Бүгінгі таңда жаңартылған білім мазмұнына көшу аясында қоғамда талқыланып әр түрлі қарама-қайшы пікірлер мен көзқарастар тудырып отырған өзекті мәселенің бірі – үш тұғырлы тілге көшу. Бұл ретте кез келген және әрі тың бастаманы жалау етіп, көзсіз қолдауға да, байыбына жетпей зерттеп-зерделемей жөнсіз сынауға да болады. Дегенмен, біз – кәсіподақ өкілдері, білім мен тәрбиенің бастауы ұстазда екендігін, кез келген реформа мұғалімдік ортаға келіп, ұстаз жүзеге асыратындығын үнемі айтып келеміз. Осы жерде үш тілділікті енгізудегі бірқатар түйткілді мәселелердің бар екені жасырын емес. Ең алдымен, осы бастаманы енгізу мерзімінің тым қысқалығы. Екіншіден, бұл ауыр да жауапты жүкті арқалайтын педагог мамандар құрамының жеткіліксіздігі. Ал үшінші кедергі, материалдық базаның төмендігі мен мұғалім мамандығының көзтартымды еместігі. Яғни, жалақының мардымсыздығы. Ал одан туындайтын мұғалім мәртебесінің төмендігі»,-деп өз ойын ортаға салған Г. Орынбаева, облыс көлемінде аталған мәселенің шешілу жолдарының деңгейі туралы сөз қозғады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арналған Жолдауы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағытын айқындап берген құжат екендігін баса айтып өткен Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қилымғали Қайненов: «Биылғы Жолдау біздің мемлекетіміздің басты құндылығы – адам және оның өміріне арналған. Яғни адами капитал сапасын жақсарту мәселесін көтеріп отыр. Ол үшін ең алдымен бүгінгі жаһандық бәсекелестікке қажетті жастарды тәрбиелеу, заман талабына сай оларды дамыту үшін, бірінші кезекте білім беру жүйесін дамыту мәселесі қойылып отыр. Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесін дамыту болып табылса, үшіншіден, халықты әлеуметтік қамту мәселелері қарастырылған. Орта білім беру жүейсіндегі жаңалықтар орта білім беру бағдарламалары арқылы сыни ойлаудың және өз бетімен іздену қабілеттерін дамытуға, қала мен ауылдар арасындағы білім беру сапасының алшақтықтарын азайту қажеттілігіне бағытталған»-деп Жолдаудың төртінші басымдығына қатысты өз ойын білдірді.
Республикалық салалық кәсіподақ активінде «Жолдау – бір. Алға қойған мақсат та – бір. Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындауда асығыстық танытып кетеміз. Оны халық көріп отырады. Халық арасында наразылық тудырмайтындай Жолдауда көрсетілген барлық іс-шараны өзінің жөнімен атқару сіздер мен біздің міндетіміз»-деп сөзін бастаған Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағының төрағасы Қожахмет Назарбетов үш тілділікке көшу механизмінің ерекшеліктерін ортаға салды. Үш тілділікке көшудің дайындықтары мен ауылды елді-мекендегі мектептердің мамандардың әлеуетіне баса назар аудару керектігіне де ерекше тоқтала кетті.
Кәсіподақ активі соңында Қарар қабылданып, салалық кәсіподақ белсенділері республиканың барлық кәсіподақ мүшелерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы атап өткен міндеттерді орындауда жұмыла атсалысуларын шақырды.
-
Фото
-