Жастар – патриотизмнің негізгі іргетасы
28 қараша күні Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қабырғасында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі мен Оңтүстік Қазақстан облыстық салалық кәсіподақтың ұйымдастыруларымен Тұңғыш Президент күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі 25 жылдығының аясында «Тәуелсіздік Құрдастары» атты республикалық жастар форумы өткізілді.
Аталған іс-шараға республиканың әр өңірінен келген кәсіподақ қозғалысының жетекшілері мен белсенділерінен бөлек Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге оқыған жолдасы, академик Қайрат Исламқұлов, Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Мұхаммет Төлеуғазин, Оңтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, профессор Жамбыл Айменов, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ғани Қарабеков, бокстан Әлем чемпионы Біржан Жақыпов қатысты.
Жыл сайын, Тұңғыш Президент күні қарсаңында аталып өтетін бұл форумның мақсаты - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуы стратегиясындағы басым бағыттарда белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру, 23 қараша күнгі Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел тарихы үшін аса маңызды құжат болып табылатын «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясына» қолдау көрсету, жастар саясатын дамытуға, толеранттылық негіздеріне сүйене отырып азаматтық қоғамды нығайту, сонымен қатар республиканың кәсіподақтар қозғалысын жетілдіруде жастардың белсенді қатысуы болып табылады.
Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, форумға қатысушыларды келе жатқан мерейлі мерекелермен құттықтай келе, ел дамуындағы жастардың қосатын үлесі мен стратегиялық маңыздылығына айрықша тоқталды. «Қазақстанның 20, 30, 40 жылдан кейін қандай болатыны жастардың қазіргі буынына байланысты. Жаңа заманға сай Қазақстанда сіздер өмір сүріп, қызмет жасайтын боласыздар. Жастарға үміт арта отырып, Мемлекет басшысы сіздерді ең алдымен бәсекеге қабілетті, кәсіпқой және білімді тұлғалар ретінде көреді. Осындай дәрежеге, жетістікке жету үшін бүгінде тек жоғары білім алу жеткіліксіз, әрдайым білімдеріңізді жетілдіріп, жаңа талаптарға ұмтылу қажет»-деп атап өтті өз сөзінде М. Амантаева.
Мемлекет басшысымен бірге оқыған курстасы Қ. Исламқұлов оның жастық шағынан қызықты естеліктерімен бөлісті.
Форумда Ұлт көшбасышысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы көрсетілген декректі фильмге жастар тарапынан зор қызығушылық білдірілді.
Форум барысында жас кәсіподақ белсенділері мен кәсіподақтың жастар ісі жөніндегі Кеңес мүшелері салалық кәсіподақтағы жастар қозғалысының қоғамдық өміріне белсенді қатысып, сіңірген еңбектері үшін Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
139 жұмыстар келіп түскен «Кәсіподақ туралы ең үздік плакат» атты республикалық байқау қорытындыланды. Тәуелсіз әділқазылардың ұйғарымымен 14 үздік плакаттар таңдалынды. Байқаудың 7 қатысушылары – А. Досқабылова, А. Сұлтанова, И. Миронова, А. Шварц, А. Назаренко, Г. Смородинова, С. Маринов арнайы дипломдар мен 15000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарға ие болды. Үшінші орынды Е.И. Пикула (Солтүстік Қазақстан облысы), Д.М. Төлеш (Қостанай қаласы), А.Б. Ахметова (Жезқазған қаласы) иеленіп, олар дипломдар мен 40000 теңге көеміндегі ақшалай сыйлықтарға үлестірілді. Екінші орынды – Е.С. Баянбаев (Семей қаласы) пен Ш.С. Жұмағұлованың (Ақтөбе облысы) иеншісіне бұйырды. Олар да дипломдар мен 60000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтарға ие болды. Байқаудың бірінші орынын З.А. Шаймерденова жеңіп алды. Оған диплом мен 80000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табысталса, гран-при жүлдесі А.А. Есбаеваға бұйырды (Қызылорда облысы). Жеңімпаз 100000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық пен дипломмен марапатталды.
Қарағанды облысының командасы (капитаны А. Мурадов) жастар жобасында «Иетерактивті оқыту - кәсіподақ жастарын оқытудағы әдістердің бірі» атты үздік деп танылған жобаларымен марапатталды. Сондай-ақ Павлодар облысы командасының (капитаны С. Рыспеков) «Жас кәсіподақ белсенділерін құқықтық оқытуы» атты жобасы ең үздік деп танылып, болашақта жобаны жүзеге асыруға байланысты оларға арнайы дипломдар мен ақшалай жүлделер табысталды.
Форум соңында Мемлекет басшысының тәуелсіздікті қалыптастырудағы тарихи рөлі мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясының маңыздылығын айқындайтын, жастарды «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыруда өз үлестерін қосуды бағыттау мақсатында форум Үндеуі қабылданды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің көмегімен ұйымдастырылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптар («Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Первый» очерки о Президенте Республики Казахстан») форум қатысушыларына үлестірілді.
Форум жұмысы «Әлеуметтік желі негіздері», «Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту», «Мен – көшбасшымын!» атты секциялық отырыстармен қорытындыланды. Жас кәсіподақ белсенділері өз өңірлерінің кәсіподақ қызметіндегі тәжірибелерімен бөлісіп, бүгінгі таңда жастарды алаңдаттырып отырған мәселелерды алға тартып, олардың шешілу жолдарын ұсынды.
Келген жас кәсіподақ делегаттарына арнап мәдени іс-шара мен түркі тілдес халықтарына ортақ қасиет мекенге айналған Түркістандағы Қожахмет Яссауи кесенесіне экукурсия жасалынды.
Форум жұмысы өте қызықты әрі мәнді өтті. Форумның эстафетасы салтанатты түрде Атырау қаласына табысталды.
-
Фото
-