«Үздік педагог» анықталды
26 қыркүйек күніАстанның Орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырумен «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын анықтауға арналған салтанатты іс-шара өткізілді.
Еліміздің ең үздік мұғалімдерін анықтаған байқауға республиканың барлық өңірлерінен мектепке дейінгі және орта білім салаларында қызмет етіп жүрген ұстаздар, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім саласының инженерлік-педагогикалық мамандар қатысты. Байқау жеңімпаздарын құттықтауға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева арнай келді.Өз сөзінде Д. Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, қоғамдағы ұстаздардың маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Өзіміз жүріп өткен жолға қарасақ, кімдерді еске алуымыз мүмкін? Әрине, ең алдымен ата-анамызды ойлаймыз. Ең жақын адамдарды да жиі ойлаймыз. Көп жағдайда өз ұстаздарымызды ойлайтынымыз рас. Олар әрбір жанның ең жақын деген адамдарының қатарына жатады. Ұстаздар өзінің жылы отбасында алаңсыз жүрген балақайды қабылдай отырып, оны аса қамқорлықпен қолынан жетелеп, білім, ғылым, өнер жане спорт саласына әкеледі. Сонымен бірге балаларға өмірдің қарама-қайшылықтары, қиыншылықтары мен сынақтары болатынын да түсіндіреді. Елімізде жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге мамыр айында соңғы қоңырау соғылады. Бұл күні түлектердің де, олардың ата-аналарының да көздері жасқа толады. Бұл - Сіздердің еңбектеріңізге, бала тәрбиелеудегі ерліктеріңізге, күн сайын алғыс күтпей-ақ үлкен іс тындыратын жұмыстарыңыз үшін алғысқа толы көз жасы. Сіздер біздің қоғамдағы ең қажетті мамандық иесі боласыздар, қадірлі Ұстаздар!» - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
«Үздік ұстаз» республикалық байқауының марапаттау рәсімі жүргізіліп, арты сәні мен салтанаты жарасқан концертке ұласты. Республика өңірлерінің ұстаздар қауымымен бірге салалық кәсіподақ орталық комитетінің басшылық құрамы мен қызметкерлері, облыстық кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты.
-
Фото
-