АСТАНАДА САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ АЛҚАЛЫ ОРГАНДАРЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 23 маусым күні Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының алқалы органы - Орталық Комитет кеңесі мен Атқару комитетінің отырысы өтті. Кеңес отырысына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Т.Дәулеталин қатысты. Кеңес отырысы онлайн және офлайн режимінде өтті.
Кеңестің күн тәртібіндегі сұрақтарға қатысты жауапты тұлғалар ақпараттарын баяндады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағын дамытудың «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасын іске асыру туралы негізгі баяндаманы Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева тарқатты.
Баяндамада төраға Тұжырымдаманың жүзеге асырылуын бақылау мақсатында мүшелік ұйымдардың қызметіне жүргізілген талдаудың нәтижелеріне тоқталды:
- Кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы.
- Әлеуметтік әріптестік.
- Құқықтық қызмет, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі.
- Қоғамдық бақылау. Кәсіподақ активін оқыту және ақпараттық жұмыс.
Кәсіподақты ұйымдастырушылық нығайту мәселелерінде мүшелік базаны сақтау және ұлғайту – басым бағыт. Салалық кәсіподақ барлығы 619738 кәсіподақ мүшесі бар 21 мүшелік ұйымды біріктіреді. Кәсіподақ мүшелерінің саны 2021 жылмен салыстырғанда артты. Бұл өсім Салалық кәсіподаққа деген үлкен сенімнің болуы, ортақ жұмысымызға берілген оң баға, деп төраға атап өтті.
Осыған қоса, Кәсіподақ қызметіне кейбір мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың араласуы орын алып жатқаны жасырын емес. Заңсыз араласу іс әрекеті Ата заңымыз ҚР Конституциясына, «Кәсіподақтар туралы» заңына қайшы келетіндігін төраға қадап айтты. Қазіргі таңда бұл жағдай Қарағанды мен Ұлытау облыстарында болуда, оның салдары сала қызметкерлері мен педагог қауымы арасында үлкен наразылық тудыртуда. Кәсіподақтың басшы органдары ҚР заңнамаларын бұзғаны үшін кінәлілерді жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолдады.
Тұжырымдаманың барлық бағыттары бойынша мүшелік ұйымдардың қызметіне оң баға беріліп, болашаққа міндеттер қойылды.
Аталған сұрақ төңірегінде жарыссөзбен Қарағанды облыстық ұйымының төрағасы А. Ракишева, Маңғыстау облыстық ұйымының төрағасы Т. Баймбетова және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Б. Сейдеш өз пікірлерін ортаға салды. Әлеуметтік әріптестік аясындағы жасалып жатқан игі шараларын, туындап жатқан түйіткілдері және шешімдерінің нәтижелері туралы ой бөлісті. Абай облыстық ұйымының төрағасы С. Ибраев өңірде орын алған өрт апатының салдарынан зардап шеккен тұрғындарға Салалық Кәсіподақ тарапынан көрсетілген қаржылық көмектер үшін алғысын білдірді.
Өз сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы талқыланған ақпаратпен бөлісті және Кәсіподақтар федерациясы атқарып жатқан жұмысы да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» саясатының сабақтастығы екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, С.Дәулеталин кәсіподақ жұмысына заңсыз араласу фактілері еңбек ұжымдары арасында тұрақсыздық туғызатынына тоқталды. Сөз соңында Төраға қоғамда әлеуметтік резонанстың алдын алу, тұрақтылықты сақтау үшін барша кәсіподақ көшбасшыларын ынтымақ пен бірлікке шақырып, әлеуметтік әріптестік негізінде еліміздің бірлігін сақтап, өркендеуіне атсалысу қажеттігін айтты.
Орталық комитет кеңесінің отырысынан соң Салалық кәсіподақтың Атқару комитеті кезекті отырысын жалғастырды.
Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі келесі сұрақтарды талқылады:
- Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Атырау облыстық кәсіподақ ұйымының «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» Тұжырымдамасы тұрғысында кәсіподақ активі оқуының тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысы;
- Кәсіподақтың 2022 жылы кәсіподақ мүшелерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс қорытындысы;
- Кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымында кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру жұмысының жағдайы;
- Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының сала қызметкерлері үшін қосымша еңбек және әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді қалыптастыру мәселелерінде әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тәжірибесі.
Атқару комитетінің отырысына ұсынылған барлық сұрақтар бойынша Салалық кәсіподақтың іс-әрекеттерін айқындайтын Қаулылар қабылданды. Атқару комитетінің отырысы іскерлік және конструктивті деңгейде өтті.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-