ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕУРАЗИЯЛЫҚ БІЛІМ КӘСІПОДАҚТАРЫ БІРЛЕСТІГІНІҢ XV ФОРУМЫ
Бүгін, 10 шілдеде, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Қазақстандық оқу -ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумы өз жұмысын бастады.
Халықаралық форумға Түркия, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден білім кәсіподақтары мен ресми орган өкілдерінен құралған делегация қатысуда.
Форум жұмысы Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің жалпы отырысымен басталды. Салтаннатты жиын UAESEB бірлестігінің әнұранын орындаумен ашылды.
Халықаралық форум делегаттары мен қатысушылары алдында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева сөз сөйледі:
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының самитінде Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін және оны дамытуға мүдделі екенін айтты. «Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр» – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
«Еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев».
Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өтуі-Президенттің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейту бастамасын қолдауға бағытталған қадам деп атап өтті Айгүл Мұқашева. Бұл ретте ол Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі бауырлас түркі елдері білім кәсіподақтарының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасуға септігін тигізіп отырғанын ерекше айтты. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бірлестікке мүше елдер кәсіподақтары арасында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Форумға қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев құттықтады. Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмысымен таныстыра отырып, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағын федерация құрамындағы ең үлкен әрі белсенді ұйым екенін атап өтті. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын айта отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары форум жұмысына сәттілік тіледі.
Еуразиялық кеңістіктегі білім кәсіподағының өзекті мәселелері бойынша спикерлер: «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қырғыз Республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік ұстаздары білім кәсіподағының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара баяндама жасады.
Білім кәсіподақтарының қызметінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың еңбегіне ақы төлеуді арттыру, педагогтардың құқықтық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, қоғамда мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері басым орын алады деп атап өтті форумға қатысушылар.
Сондай-ақ, Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігіне мүше ұйымдардың ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мәселесі көтерілді.
Форум қорытындысы бойынша Халықаралық Еуразиялық білім беру кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Қарары қабылданады.
Форум аясында шетелдік қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама әзірленген. Бүгіннен бастап 13 шілдеге дейін оларға Түркістан мен Қызылорда өңірінің тарихи орындары мен көрікті жерлері таныстырылады.
Сонымен қатар форумға қатысушылар Түркістан облысының жергілікті атқарушы орган өкілдерімен кездесіп, А.Яссауи атындағы қазақ-түрік Халықаралық университеті мен Қорқыт ата атындағы университеттің жұмысымен танысады.
Қазақстандық оқу -ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-