САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ
Бүгін Астанада Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева Салалық кәсіподақ ардагерлер кеңесімен кездесті. Ұстаздар күні және ҚР Кәсіподақтар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған келелі кездесуге ҚРКФ төрағасы С.Дәулеталин, төраға орынбасары Н.Өтешев және Орталық комитет аппаратының мамандары қатысты.
Кездесуді ашқан Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева ардагерлерді кәсіби төл мерекелерімен құттықтап, ардагерлерге елімізде кәсіподақ қозғалысын қалыптастырып, дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
«Салалық кәсіподақтың даму тарихы Сіздердің әрқайсыларыңыздың есімдеріңізбен байланысты. Елімізде кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін барлығыңызға алғыс айтқым келеді. Сіздерге өте қиын кезеңде жұмыс істеуге тура келді. Біз сіздердің еңбектеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз», - деді А.Мұқашева. Кәсіподақ төрағасы ардагерлерді Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары туралы хабардар етті, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Салалық кәсіподақ ардагерлерін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешов құттықтады. Ол ардагерлерге көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтып, Федерацияның негізгі жұмыс бағыттары туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде ардагерлер кеңесінің мүшелері жас әріптестерімен кәсіподақ қызметіндегі жұмыс тәжіриелерімен бөлісе отырып, кәсіподақ жұмысын жетілдіру бағытында ұсыныс-тілектерін, сауалдарын жолдады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы С.Дәулеталин олардың сұрақтарына жауап бере отырып, елімізде кәсіподақ қозғалысының сындарлы дамуы аға буынмен өзара әрекеттесусіз мүмкін емес екенін атап өтті.
«Кәсіподақтар қозғалысы даму тарихында ҚР Кәсіподақтар фередациясы құрамындағы ең үлкен мүшелік ұйым – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподғының үлесі зор. Бұл әрине сіздердің ерен еңбектеріңіз. Біз әрқашан ұсыныс, пікір, сындарыңызды тыңдауға ашықпыз. Сіздердің тәжірибелерінің біз үшін өте құнды, бұл бізге көптеген мәселелерді қарастыруға және салмақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деп атап өтті С.Дәулеталин.
Кездесу соңында ардагерлер Салалық кәсіподақтың «Салалық кәсіподақ ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.
С. Дәулеталин кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін Атырау облыстық кәсіподақ ұйымының ардагері Қ.Қайненовті ҚРКФ «Кәсіподақ ардагері» белгісімен марапаттады.
Атап өту керек, өткен жылы салалық кәсіподақ қозғалысының ардагерлерімен жұмысты ұйымдастыру, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мен қорғау мақсатында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Атқару комитетінің шешімімен Салалық кәсіподақтың ардагерлер Кеңесі құрылған болатын. Оның төрағасы болып Салалық кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының бұрынғы төрағасы Гүлсін Орынбаева бірауыздан сайланды. Ардагерлер Кеңесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері: Салалық кәсіподақ қозғалысы ардагерлерін қоғамдық, мәдени-бұқаралық өмірге тарту, республиканың жастар кәсіподақ активі мен салалық кәсіподақ қозғалысы арасында кәсіподақ жұмысы дәстүрлерінің сабақтастығын сақтау мен дамыту ісіндегі рөлін арттыру болып табылады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-