ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ОҚУ-АҒАРТУ САЛАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ САЛАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
2023 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ арасында салалық деңгейде оқу-ағарту саласының қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімге жасасты қол қойылды.
Саладағы еңбек қатынастарының қатысушылары үшін маңызды құқықтық актіге: уәкілетті мемлекеттік органның атынан – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту Бірінші вице-министрі Н. Жұмаділдаева; жұмыс берушілер атынан – «Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Г. Бекжанова; қызметкерлер атынан – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы А. Мұқашева қол қойды.
Келісім еңбек қатынастарының барлық тараптарының мүдделері ескеріле отырып, тепе-тең негізде құрылған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық комиссияның аясында жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша жасалды.
Келісім оқу-ағарту саласындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, сала қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жалпы шарттарын, олардың кепілдіктерін, өтемақылары мен жеңілдіктерін белгілейтін құқықтық акт болып табылады.
Келісімде көзделген ережелер Тараптар үшін міндетті және ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актілеріндегі қызметкерлердің еңбек жағдайлары Келісімде көрсетілгеннен төмен болмауы тиіс.
Келісім салалық деңгейде әлеуметтік әріптестікті дамыту, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді, мемлекет өкілдері, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдері арасындағы тең құқылы сындарлы диалогты қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие, сонымен қатар, еңбек жағдайларын жақсартуға, қауіпсіз жұмыс жағдайларын жасауға, әлеуметтік кепілдіктерді, кәсіптік одақтар қызметінің кепілдіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 154-бабы 2-тармағына сәйкес Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органына, жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
Жаңа Салалық келісімнің толық мәтіні Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ресми сайтында жарияланған – https://edu-tradeunion.kz/.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-