САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІ: ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЖӘНЕ 2024 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕР
Бүгін Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Атқару комитетінің отырысы өтті.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева бастаған кәсіподақтың Атқару комитетінің мүшелері күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді талқылады:
2023 жылғы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағындағы кәсіподақ мүшелігі және кәсіподақ органдары туралы жиынтық статистикалық есептіліктің қорытындылары туралы;
кәсіподақтың 2023 жылғы құқық қорғау жұмысының қорытындылары туралы;
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мүшелік ұйымдарының қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесінің 2023 жылғы қорытындысы туралы;
мүшелік ұйымдардың басшылық органдарының мүшелік кәсіподақ жарналарын жинау және жұмсау туралы қаржылық тәртіптемені және есептілікті нығайту жөніндегі жұмысын ұйымдастыру туралы;
2024-2025 жылдарға арналған «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ-нің кәсіподақ кадрлары мен активтерін оқытуды ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдарды бекіту туралы;
кәсіподақ мүшелерін есепке алудың бірыңғай базасын құру жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы;
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас Кеңесінің 2024 ж. 31 қаңтардағы шешімдері туралы;
және т.б.
Салалық кәсіподақтың ОК аппаратының ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Е. Иманбаевтың «2023 жылғы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағындағы кәсіподақ мүшелігі және кәсіподақ органдары туралы жиынтық статистикалық есептіліктің қорытындылары туралы» ақпараты тыңдалды.
Кәсіподақтың 2023 жылғы құқық қорғау жұмысының қорытындылары туралы ОК құқықтық жұмыстар және ЕқжЕҚ бөлімінің басшысы – Р.Қыдырбаева баяндама жасады.
Салалық кәсіподақ және оның мүшелік ұйымдары заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде құқық қорғау қызметін жүзеге асырады. 2023 жылы құқық қорғау жұмысының барлық нысандарынан экономикалық тиімділік 1 023 075 811 теңгені құрады.
Есепті жыл ішінде кәсіподақ мүшелерінің жалпы 47 565 өтініші (2022 жылы 37 662) қаралды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,3 % артық. Өтініштердің ең басым бөлігі еңбекақы төленуіне – 17 440 (16 733), еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалмауына байланысты – 3 764 (1 059). Өткен жылы көрсетілген тегін заңды кеңес беру саны 21 221-ді құрады.
Zoom платформасы арқылы топтық кеңес беру жұмыстары сияқты жұмыс түрлері кеңінен қолданылуда.
Кәсіподақ заңгерлерімен келісу комиссияларында жеке еңбек дауларын қарау кезінде 547 (394) жағдай, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 38,8 % өсімді құрайды, сотта 42 (33) жағдай бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
Есепті жылда құқықтық қызметтің көмегімен 32 заңсыз босатылған қызметкерлер - кәсіподақ мүшелері өз жұмыстарына қайта орналастырылды.
Қоғамдық бақылау құқықтық қорғаудың ең тиімді және маңызды түрі болып қала береді. 2023 жылы еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау аясында 2 108 тексеру жүргізілді. Бақылау барысында 3 679 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Оның 1 323-і еңбекақыға, 832-сі еңбек қатынастарын тіркеуге және 345-і жұмыс уақыты мен демалыс уақытына қатысты.
Тұтастай алғанда, еңбек заңнамасын бұзушылық құрылымында жалпы санның ең көп бөлігін еңбекақыны төлеуді бұзу – 36,3% (1354/3727) және еңбек қатынастарын тіркеу – 23% (857/3 727) құрайды.
Құқықтық қызметтің тиімділігін сипаттайтын негізгі сапалық көрсеткіштердің бірі есепті жылы 694 928 734 теңгені құрайтын кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленбеген, қайтарылған ақшалай қаражаттың сомасы болып табылады.
Қызметкерлерге ең көп сомалар қайтарылған ұйымдар: Павлодар облысы – 225 502 794 теңге, қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы сомасының 32,4 %, Жамбыл облысы – 110 279 424 теңге (16,1%), Абай облысы – 89 410 500 теңге (13,0%), Маңғыстау облысы - 74 596 100 теңге (11%), «Ұстаз» Алматы қалалық ұйымы - 65 334 338 теңге (9,4%) және Қызылорда облысы - 45 062 000 тенге (6,5%).
Мүшелік ұйымдар мен Орталық Комитеттің аппараты қызметкерлері – кәсіподақ мүшелері мен жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасының негіздерін, келіссөздер жүргізу дағдыларын дамыту және еңбек жанжалдарында мәмлеге қол жеткізуді түсіндіру мақсатында бірлескен 184 семинар-тренинг өткізді.
2023 жылы Орталық Комитет аппаратының мамандары Келісу комиссиясының 1 427 мүшесін оқытты.
Есепті жылы Кәсіподақтар федерациясының жұмыс тобының құрамында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алаңында салалық кәсіподақ мамандары ҚР «Еңбек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», ҚР «Кәсіподақтар туралы» заңдарының жобаларын әзірлеумен айналысты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы жұмыс тобына мүшелік ұйымдармен бірлесе отырып, қабылданған нормативтік құқықтық актілерді, атап айтқанда педагогтарды аттестаттау Ережесі, білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымынан босату қағидалары, білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімі және т.б. талдау бойынша ұсыныстар пакеті дайындалды.
Құқықтық жұмыстар, ЕҚжЕҚ бөлімінің басшысы Р.Қыдырбаеваның «2023 жылға арналған Кәсіподақтың құқық қорғау жұмысының қорытындылары туралы» ақпаратын тыңдай және талқылай келе, Атқару комитеті құқық қорғау жұмыстарының XIV Съездің қағидаларымен, 2019-2024 жылдарға арналған кәсіподақ қызметінің Бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылғанын және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғандығын атап өтті.
Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесінің 2023 жылғы қорытындысы туралы Кәсіподақ ОК ұйымдастыру жұмысы бөлімінің басшысы Е.С. Иманбаев ақпарат берді.
Бұл шара кәсіподақ ұйымдарының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту және нығайту жөніндегі жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Атқару комитетімен мүшелік ұйымдар қызметін бағалау жүйесінің 2023 жылғы қорытындысы бекітілді.
Сонымен қатар жаңа редакцияда Кәсіподақ органдарындағы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды ұйымдастыру және іс жүргізу жөніндегі Нұсқаулық бекітілді.
Күн тәртібінде қаралған басқа да өзекті мәселелер бойынша қызу талқылаулар болды, Атқару комитеті мүшелерінің ұсыныстары мен ескертулері есепке алына отырып, тиісті Қаулылар қабылданды.
Атқару комитеті отырысының негізгі құжаттары жақын арада Салалық кәсіподақтың сайтында орналастырылатын болады.
Салалық кәсіподақ мен оның мүшелік ұйымдарының қызметін қорытындылай келе, Айгүл Мұқашева сала кәсіподағының алдында тұрған бірқатар бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі.
Салалық кәсіподақ төрағасы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің 2024 жылды «Лайықты еңбек жылы» деп жариялау туралы шешімін кәсіподақтың барлық мүшелеріне жеткізуді жүктеді.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы баспасөз қызметі
-
Фото
-