АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» тақырыбында мерекелік шарасы өтті.
Салтанатты жиын кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жарияланған «Лайықты еңбек жылы» аясында және Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Шара барысында барлығы 150-ге жуық кәсіподақ мүшесі марапатталды. Салтанатты жиында облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хаттары, 50 үздік ұстазға «Мерке» шипажайына жолдама, 40 кәсіподақ мүшесіне тарихи-танымдық саяхатқа жолдама және 20 кәсіподақ мүшесіне қаржылай сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар кәсіподақ көшбасшылары мен әлеуметтік әріптестер Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
"Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқығын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында атқарылған кәсіподақ жұмыстарына қысқаша тоқталды. Сонымен қатар ұйым төрағасы кәсіподақтың ұйымдастырушылық құрылымы, әлеуметтік әріптестік, құқықтық жұмыс, жастармен жұмыс және ұйымдастыру жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Айта кетейік, өңір педагогтерін толғандырған мәселелер кәсіподақ дейгейінде оң шешімін тауып келеді. Ұстаздар уақытылы жалақысын алып, көптеген әлеуметтік кепілдіктерге ие болып отыр. Мысалы, білім мекемелерінің материалдық базасының нығаюы, кадрлық құрамның сапасының артуы, еңбек заңдылықтарына сәйкес жұмыспен қамту, жұмыстан босату, жеңілдіктер, қосымша ақы беру сұрақтарында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Қабылданған ұжымдық шарттар мен екіжақты келісімдерде кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық көмектер, шипажайларға жеңілдіктермен және тегін жолдамалар беру көзделген.
Аймақтың ұстаздар қауымын біріктіріп отырған "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы" қоғамдық бірлестігі бұл шараны кең көлемде жүзеге асырып келеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде облыс ұстаздар қауымының қоғамдағы мәртебесін көтеру мақсатында, жұмыста жоғары көрсеткішке жеткен таңдаулы педагогтерге көктемгі, жазғы, күзгі, жазғы каникул кездерінде шипажайларға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қаржысы есебінен жолдамалар ұсынылады.
Салтанатты шараға білім саласындағы аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестер - «Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының басшылары қатысты.
Марапаттау шарасында Қарақат өнер мектебінің оқушылары өнер көрсетсе, «Асыл мұра» тобы күміс күйден күмбірлетіп, көпшіліктің ықыласына ие болды. Жиналғандарға халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Мербол Құспанов жетекшілік ететін студенттік хор ұжымы дайындаған бағдарламасын ұсынып, көрерменді бірден тәнті етті.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің өнерпаздары әсем әндерімен көрермендердің ризашылығына бөленді.
Мерекелік шара соңында жиналғандар Кәсіподақ гимнін бірге орындады.
-
Фото
-