Магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеуге қатысты
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағына (бұдан әрі – Салалық кәсіподақ) «Дене шынықтыру және Спорт» мамандығы бойынша бакалавр дипломы және «Педагог-Психолог» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дипломы бар балалар-жасөспірімдер спорттық мектебінің баскетбол жаттықтырушысынан магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төленуіне қатысты сұрақ түсті.
Осыған орай Салалық кәсіподақ келесіні түсіндіреді:
«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 4–қосымшасындағы 10-тармағына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, әдістемелік кабинет (орталық) педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК қосымша ақы қарастырылған.
Көрсетілген қосымша ақы тиісті дипломы болған жағдайда және негізгі жұмыс орны бойынша нақты жүктемеге қарамастан белгіленеді.
Демек, бұл жағдайда магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төленбейді. Себебі, балалар-жасөспірімдер спорттық мектебі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 бұйрығымен бекітілген «Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасына» сәйкес қосымша білім беру ұйымдарына жатқызылған.
-
Фото
-