СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ЕСЕП БЕРУ-САЙЛАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
2024 жылғы 29 наурызда Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымының ХХХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Сайланған 75 делегаттың 73-і қатысты.
Конференция жұмысына Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы А.М.Мұкашева, Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрағасы Е.Е.Нұрақаев, облыстық білім басқармасының басшысы Н.Ә.Жәшібеков, кәсіподақ қозғалысы және педагогикалық еңбек ардагерлері, әлеуметтік әріптестер – білім бөлімдерінің басшылары қатысты
Облыстық кәсіподақ ұйымының есепті кезеңдегі қызметі туралы облыстық комитет төрағасы Б.Е.Аюпов баяндама жасады.
Берік Елюбайұлы өзінің кіріспе сөзінде облыстық ұйымның есепті кезеңде атқарған жұмысының негізгі тұстарын көрсетті. Баяндамада әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімді жүзеге асыру, ұйымдастырушылық, бұқаралық, құқықтық жұмыс жоспарларының орындалуы бойынша жұмыстарға тоқталды.
Облыстық комитеттің 5 жылдағы қаржы-шаруашылық қызметі туралы облыстық тексеру комиссиясының төрағасы И.А.Соколова баяндады.
Солтүстік Қазақстан облысы кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің төрағасы Нұрақаев Е.Е. өз сөзінде білім кәсіподағының облыстағы барлық салалық кәсіподақтардың ішіндегі ең ірісі және белсендісі екенін атап өтті. Соңғы бес жылда кәсіподақ қатарына жаңа мүшелерді тарту бағытында көптеген жұмыстар атқарылды, бұл көптеген бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуден, саладағы кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шаралар - деді
Жарыссөзде сөз алған конференция делегаттары кәсіподақ қозғалысының барлық деңгейдегі – бастауыштан бастап аймақтық деңгейге дейінгі белсенділігінің айтарлықтай артқанын атап өтті. Көптеген мәселелерді шешуде кәсіподақтың рөлі байқалып, жер-жерлерде еңбек жанжалдарын шешудің саны артты, сонымен қатар кәсіподақ есебінен денсаулықтары жақсарып, демалатын сала қызметкерлерінің саны арта түскені айтылды. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққандардың барлығы облыстық кәсіподақ ұйымының жұмысын қанағаттанарлық деп таныды.
Ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Аюпов Берік Елюбайұлы Солтүстік Қазақстан облыстық білім, жоғары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып сайланды.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес ұйымдастыру мәселелері шешілді – облыстық кәсіподақ комитетінің және салалық атқару комитетінің мүшелері сайланды.
Салалық кәсіподақтың ХV съезіне делегаттар да ашық дауыс беру арқылы сайланды.
Конференция марапаттау рәсімімен аяқталды.
Белсенді кәсіподақ мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамоталарымен, «Білім және ғылым қызметкерлеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы» ҚБ, Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
-
Фото
-