ЕҢБЕКШІ ӘЙЕЛДЕРДІҢ I ФОРУМЫ
12 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» тақырыбында Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтті.
Ауқымды шара мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайту, олардың өзін шыңдау және отбасылық құндылықтарды сақтау, еңбекші әйелдерге жұмыс орнында лайықты жағдай жасау жөнінде тиімді шешімдерді талқылауға арналған алаңға айналды.
Форумда түрлі деңгейдегі кәсіподақ жетекшілері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының сарапшылары, Еңбекші әйелдер мәселелері жөніндегі ҚРКФ комиссиясының мүшелері, ұлттық әріптес кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер және 23 саладан 55 түрлі мамандық өкілі, барлығы 60-тан астам делегат жиналды. Оның 7-і Салалық кәсіподақ делегаттары.
Іс-шараға қатысушыларды қошеметпен қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында, ұлттық дәстүр мен рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қазақстандық әйелдердің айрықша рөлін атап өтті.
Сонымен қатар, ол әйелдер мен ерлердің еңбек саласындағы тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелеріне елімізде, сондай-ақ бүкіл әлемде баса назар аударатынын тілге тиек етті.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы 2025 жылын гендерлік теңдік жылы деп жариялауды ұсынды.
Пленарлық отырыста, Халықаралық Еңбек ұйымының еңбекшілер жұмысы жөніндегі бюросының директоры Мария Хелена Андре, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің бас хатшысы Эстер Линч, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, “Парыз” ұлттық жұмыс берушілер Конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова сөз сөйледі.
Жалпы отырыстан кейін форумның секциялық отырыстары өтті. «Тұрақты даму жолындағы әйелдердің әлеуеті» секциясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева модератор болды.
Форум делегаты - Қазақстандық оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының мүшесі Хильветова Нулуфар Әділқызы - Хамза атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі (Түркістан облысы), қоғамдағы ана мен бала құқығын қорғау тақырыбында сөз сөйледі.
Шара соңында Қазақстан еңбекші әйелдерінің I форумының резолюциясы қабылданды. Құжатта форумға қатысушылар елдегі еңбекші әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғауды діттейтін маңызды ұсыныстары қамтылған.
-
Фото
-