БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ ӨҢІРЛІК КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Ағымдағы жылдың 3 мамыр күні Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен «Қазақстандық оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімге қол қойылды.
Облыстық білім басқармасының білім беру ұйымдары басшыларымен өткізілген алқалы кеңес отырысында Кәсіподақтың Орталық комитетінің салалық келісімі негізінде жасалған өңірлік келісімнің кейбір ережелері түсіндіріліп, ондағы кепілдіктер мен өтемақылар таныстырылды. Атап айтқанда, облыс бойынша білім беру жүйесінің қаржы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына отыз пайыз мөлшерінде ынталандырушы үстемақылар төленетін болды. Сонымен қатар, тараптар келісімге келген білім беру ұйымдарының әкімшілік персонал қызметкерлеріне негізгі ақылы еңбек демалыстарына үш күнтізбелік күн қосылды. Ал, зейнет жасына жеткен педагогикалық қызметкермен еңбек шарты оқу жылы аяқталғаннан кейін бұзылады.
Осы келісім арқылы кәсіподақ мүшелерінің бірқатар ұсыныстары ескеріліп, еңбек қатынасындағы мәселелер оң шешімін тапты.
Ең бастысы, аталмыш келісім еңбек дауларының алдын алып, жұмысшылардың құқын қорғауды мақсат тұтады. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтып, еңбек өнімділігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға негіз болмақ.
Батыс Қазақстан облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы