Жұмыс уақытының ұзақтығы мен педагогтардың оқу жүктемесі туралы
«Жұмыс уақытының ұзақтығы» және «нормативтік оқу жүктемесі» ұғымдары ұқсас ұғымдар болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 1-бабы 1-тармағының 47) тармақшасына сәйкес жұмыс уақыты – жұмыскер жұмыс берушінің актілеріне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт, сондай-ақ Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актісіне сәйкес жұмыс уақытына жатқызылған өзге де уақыт кезеңдері.
Оқу жүктемесіне келетін болсақ, педагогтардың кейбір санаттары үшін «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес айлық жалақыны есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді. Оқу жүктемесі жұмыс уақытының нормаланған бөлігі ғана болып табылады, себебі педагогтың лауазымдық міндеттері нормаланған жұмысты орындаумен ғана шектелмейді. Мысалы, мұғалiмнiң еңбегiне ақы төлеу үшін есептiк бiрлiк ретiнде аптасына қабылданған 16 сағат оқытушылық жұмыстың норма сағаты, басқа да педагогикалық жұмыстар (оқу сабақтарына дайындық, жазбаша жұмыстарды тексеру, бiлiм алушылармен жеке жұмыс, ата-аналармен жұмыс, әдiстемелiк бiрлестiктердiң жұмысына, педагогикалық кеңестiң отырыстарына, жалпы мектептiк iс-шараларға қатысу және т.б.) жұмыс уақыты болып саналмайтынын бiлдiрмейдi. Осылайша, оқу жүктемесі мұғалімнің жұмыс уақытының жалпы ұзақтығының құрамдық бөлігі болып табылады.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 12-бабының 2-тармағына сәйкес педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктері білім беру саласындағы уәкілетті орган тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша бекітетін қағидаларда айқындалады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 4-тармағына сәйкес педагогтар үшін жұмыс уақыты ҚР ЕК сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына қарай белгіленеді.
Қағидалардың 3-тармағына сәйкес педагогтердің жұмыс уақыты атқаратын лауазымына, сондай-ақ білім беру ұйымдарының типі мен түріне қарай: оқу (оқытушылық), тәрбие жұмысын, білім алушылармен жеке жұмысты, лауазымдық міндеттерімен және (немесе) оқу-тәрбие жұмысының жоспарларымен көзделген ғылыми, шығармашылық және зерттеу жұмысын қамтиды.
ҚР ЕК 68-бабының 1-тармағында жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс деп белгіленген. Осылайша, мұғалімнің жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы жалпыға бірдей белгіленген талаптарға сәйкес келуі керек және заңнамаға сәйкес бір ставка үшін аптасына 40 сағаттан аспауы керек. Сонымен қатар, Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 6.1-тармағында педагогтар үшін (ұйым басшылары мен олардың орынбасарларынан басқа) аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленгенін ескеру қажет.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларының 140-тармағында бос лауазымдардағы әр педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы керек айқындалған. Аталған норманың авторы жұмыс уақытының ұзақтығы ҚР ЕК нормаларымен шектелетіндігіне негізделеді. Әдетте, конкурстық iрiктеуден өткен қызметкермен еңбек шарты еңбек мiндеттерiн бiр ставкаға орындауға жасалады. Сонымен қатар, ҚР ЕК нормаларымен қоса атқару немесе қоса атқару шартымен орындалуы мүмкін негізгі лауазым бойынша жұмыстан басқа қосымша жұмысты орындауға рұқсат етіледі.
Лауазымдарды қоса атқару - бұл жұмыскердің еңбек шартында көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленген мұғалімдер үшін қосымша жұмысты орындаудың бұл нысаны объективті себептерге байланысты қолайсыз (мысалы, мұғалім бір уақытта екі сыныпта сабақ өткізе алмайды, мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі балалардың екі тобын біріктіре алмайды және т.б.).
Мұғалімдердің осы санаты үшін қосымша жұмысты орындаудың ең ыңғайлы түрі- қоса атқару. ҚР ЕК 1-бабы 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес қоса атқару - бұл жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы. Бұл ретте қоса атқарылған жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек заңнамасымен шектеледі. Сонымен, ҚР ЕК 68-бабының 3-тармағына сәйкес негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс. (Тәулігіне 12 сағат; аптасына 60 сағат).
Тәжірибе жүзінде оқу жүктемесі бойынша белгіленген шектеулерді орындау мүмкін болмайтын жағдайлар жиі қалыптасады. Осы мәселені шешу мақсатында Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 4.13. тармағында Тараптар өндірістік қажеттілікке байланысты (оқу жоспарының бөлінуге келмеуі, педагогтың уақытша болмауы және тағы да басқа жағдайларда) қосымша жүктеме 50 пайыздан астам көлемінде болуы мүмкін екендігі туралы келісімге келді.