ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының делегациясы жұмыс сапарымен Татарстан Республикасының Қазан қаласына барды. Сапар мақсаты Қазақстан мен Татарстанның кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту.
Қазақстандық делегацияны Татарстан республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Елена Кузьмичева және Бүкілресейлік білім кәсіподағының Татарстан республикалық ұйымының басшысы Ирина Проценко қарсы алды.
Татарстанның кәсіподақ жетекшісі қазақ әріптестері алдында сөз сөйлеп, Татарстанның Кәсіподақтар федерациясының қызметі туралы мағлұмат берді. Өз кезегінде Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Салалық кәсіподақ қызметімен таныстырды.
Екі елдің кәсіподақ көшбасшыларының кездесуі өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімімен жалғасты. Құжатқа Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева мен Бүкілресейлік білім кәсіподағының Татарстан республикалық ұйымының басшысы Ирина Проценко қол қойды.
Қол қойылған Меморандумның мақсаты Қазақстан мен Татарстанның білім қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және тәжірибе алмасу саласындағы күш-жігерді біріктіру және өзара іс-қимыл жасау болып табылады.
Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева өз сөзінде Татарстанға келу кездейсоқ емес екенін атап өтті. «Біз туысқан халықтармыз, бізде көптеген ұқсастықтар бар, сондықтан күш біріктіру арқылы біз бір-бірімізге пайдалы боламыз. Қол қойылған құжат біздің берік достығымыздың символына айналсын», - деді ол.
Сапар барысында қазақстандық делегация Татарстанның білім кәсіподағы қызметінің тәжірибесімен танысты, Қазан технологиялық университеті мен «Адымнар – білім мен келісімге жол» білім беру мекемесіне барды.
Екі елдің кәсіподақтары арасындағы кездесулер мен тәжірибе алмасу екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеретінін атап өткен жөн. Кездесулер мен келіссөздер аясында рухани, тарихи-мәдени қауымдастық, біздің халықтарымыздың салт-дәстүрлерінің ұқсастығы қазақ-татар қарым-қатынастарының берік негізі болып табылатыны тілге тиек етілді.
-
Фото
-