Білім саласында зейнеткерлік жасқа толған жұмыскермен еңбек шартын бұзу ерекшеліктері туралы
Білім саласында зейнеткерлік жасқа толған жұмыскермен еңбек шартын бұзу ерекшеліктері туралы.
Жұмыскердің зейнеткерлік жасқа жетуі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – ҚР ЕК) 52-бабы 1-тармағы 24)-тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың өзіндік негізі болып табылады. Аталған негізбен жұмыскермен еңбек шарты бұзылуы кезінде жұмыс беруші ҚР ЕК 53-бабы 9-тармағында көрсетілген рәсімді сақтау қажет.
Еңбек шартын бұзуға жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу күніне дейін кемінде бір ай бұрын оны хабардар ете отырып және еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде өтемақы төлене отырып жол беріледі (ҚР ЕК 53-бабы 9-тармағы).
Зейнетке шығу жасы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабында сәйкес белгіленген:
ерлерге – 63 жасқа толғанда;
әйелдерге – жылдар бойынша сараланған (2024 жылдан – 61 жасқа толғанда).
Өзге шарттар төтенше және ең жоғары радиациялық тәуекел аймақтарында тұратын тұлғаларға және 5 немесе одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге белгілінген.
Еңбек шартын бұзу туралы хабарламаны жұмыс беруші жұмыскерге жазбаша нысанда жібереді:
қағаз жеткізгіште нысанында;
электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында.
Хабарлама қолма-қол не курьерлік пошта байланысы, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы немесе жұмыскердің немесе жұмыс берушінің авторизациялануы, сәйкестендірілуі қамтамасыз етіле отырып, электрондық түрде ұсынылады.
Жұмыстан босатылған кезде жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі ақыны төлеу еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. (ҚР ЕК 113-бабы 4- тармағы).
Білім беру жүйесінде оқу жылы ішінде оқу процесі аяқталғанға дейін зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді қалдыру қажеттілігі жиі туындайды, сондықтан мұндай жағдайда педагогтың ауысуы білім алушыларға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Осындай жағдайларды шешу және еңбек қатынастары тараптарының мүдделері теңгерімін сақтау мақсатында Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісіммен (бұдан әрі – Салалық келісім) тараптармен келесі мазмұндағы 9.4 - тармағы келісілді: «Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты қызметкерді Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 52-бабының 1)- тармағы 24)-тармақшасында көзделген негіз бойынша жұмыстан босату кезінде еңбек, ұжымдық шарттарда және (немесе) жұмыс берушінің актісінде айқындалған мөлшерде өтемақы төлейді, бірақ лауазымдық жалақысы мөлшерінен (тарифтік мөлшерлеме) кем емес болмауы қажет. Көрсетілген негіз бойынша еңбек шартын бұзуға қызметкер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған кезде жол беріледі. Еңбек шартын бұзу туралы хабарлама қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шарты тоқтатылған күнге дейін бір ай бұрын жіберілуге тиіс. Зейнеткерлік жасқа толған педагогтермен көрсетілген негіздегі еңбек шарты оның өтініші бойынша оқу жылы аяқталғанда бұзылады».
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 25-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы болып табылады.
Зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерлерге қатысты еңбек қатынастарын жалғастыру мүмкіндігі ұжымдық шарттың ережелерімен тек зейнеткерлік жасқа толған адамдарды ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға жіберуге қатысты бекітілуі тиіс (ҚР ЕК 127-бабы 1-тармағы 9)-тармақшасы).
Осылайша, зейнеткерлік жасқа жеткен педагогпен оқу жылы аяқталғанға дейін аталған негізде еңбек шартын бұзу Салалық келісімнің ережесінде көрсетілгендей оның келісімімен оқу жылы аяқталғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда қолданыстағы еңбек шартына қандай да бір қосымша келісім ресімдеу талап етілмейді, себебі рәсімдеу ҚР ЕК 52-бабы 1-тармағы 24)-тармақшасын бұзу болып қарастырылуы мүмкін. Ол зейнеткерлік жасқа толған тұлғаларға тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы.
Бұл ретте, оқу жылы аяқталғаннан кейін жұмыс беруші ҚР ЕК белгіленген рәсімдерді сақтай отырып, қаралатын негіз бойынша еңбек шартын бұзуды жүзеге асыруға құқылы, ал егер өзара ерік болса, жұмыс беруші мен қызметкер еңбек шартына еңбек шартын бір жылға ұзарту туралы қосымша келісім жасауға құқылы.
-
Фото
-