Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге кепілдіктер мен өтемақылар төлеуге қатысты
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге кепілдіктер мен өтемақылар төлеуге қатысты келесіні түсіндіреді:
ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1 – бабы 1- тармағының 82) - тармақшасына сәйкес іссапар – жұмыс берушінің өкімі бойынша жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау үшін жіберу, сондай-ақ жұмыскерді басқа жерге оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу.
Білу маңызды!
Кодекстің 127-бабына сәйкес іссапар уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) мен іссапар күндеріне келетін жұмыс күндері үшін жалақысы, іссапарға жіберу кезінде кепілдік берілген төлемдердің тәртібі мен мөлшері сақталады.
Іссапарларға жіберілетін жұмыскерлерге:
1) іссапарда болған күнтізбелік күндері үшін, оның ішінде жолдағы уақыты үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтқандағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй-жайды жалға алу шығыстары төленеді.
Жұмыскерлерді іссапарларға жіберудің шарттары мен мерзімдері еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығындарды өтеу, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысымен реттеледі.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР заңының 7-бабы 1-тармағының 12)-тармақшасына сәйкес педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттыруға құқылы.
Педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған ұйымдардың тізбесі «Педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтың қызметін курстан кейінгі қолдау қағидалары туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 95 бұйрығымен айқындалған. Осы бұйрықтың 4-тармағы 3) - тармақшасына сәйкес курс педагогтың еңбекақысын сақтай отырып еңбек қызметінен қол үзіп немесе ішінара қол үзіп ұйымдастырылады.
Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілер негізінде жұмыскерді тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгілі бір мерзімге еңбек міндеттерін орындау, сондай-ақ оқуға, біліктілігін арттыруға немесе қайта даярлауға жіберу іссапар болып саналалып, оның шығындары міндетті түрде жұмыс беруші есебінен төленуі тиіс.
-
Фото
-