КӘСІПОДАҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУДА
ҚР Кәсіподақтар федерациясында Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесу өтуде. Бұл Халықаралық еңбек ұйымы басшысының Қазақстанға алғашқы сапары.
Тарихи кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшылығы, салалық және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, жастар кеңесінің мүшелері, еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшелері қатысып отыр. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағынан кездесуге төраға А.Мұқашева, Астана қ.ұйымының төрағасы Б.Әлиев, Салалық кәсіподақтың Жастар кеңесінің мүшесі, Павлодар қалалық М. Әлімбаев атындағы мектептің директоры орынбасары О.Бахатхан қатысуда.
ХЕҰ БҰҰ-ның еңбек қатынастарын реттеу мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі болып табылады, оған Қазақстанды қоса алғанда 187 мемлекет кіреді. Халықаралық ұйым 2019 жылы өзінің 100 жылдығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау және әлеуметтік-еңбек саласына халықаралық стандарттарды енгізу мәселесі бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда ХЕҰ-ның 25 конвенциясы ратификацияланды.
Халықаралық еңбек ұйымы Бас директоры Ж.Унгбо бастаған ХЕҰ делегациясының Қазақстанға жұмыс сапары аясында кеше Салалық кәсіподақтың Орталық кеңсесіне ХЕҰ еңбекшілер қызметі Бюросының Еуропа және Орталық Азия секторының меңгерушісі Сергиус Гловацкас келді.
Айгүл Мұқашева мәртебелі қонаққа Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарының қызметі туралы ақпарат берді. Өз кезегінде Сергиус Гловацкас ХЕҰ жүргізіп жатқан жұмысы және олардың миссиясы туралы қысқаша айтып берді. Ол Салалық кәсіподақ ҚР Кәсіподақтар Федерациясы құрамындағы ең мықты және пәрменді кәсіподақтардың бірі болып табылатынын атап өтті. ХЕҰ еңбекшілер қызметі Бюросы Білім кәсіподағына ерекше назар аударады және әрқашан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Әрі қарай кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Әңгімелесу барысында ХЕҰ стандарттарына сәйкес қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбекті қамтамасыз ету бойынша халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын дамыту мәселелері көтерілді.
Кездесу соңында А. Мұқашева С.Гловацкасқа ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, еңбекшілердің игілігіне бағытталған қызметіне табыс тіледі.
-
Фото
-