МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ ҰЙЫМДАРЫ ТӘРБИЕШІЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫНА ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 153 бұйрығымен бекітілген Педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларының 4-тармағына сәйкес педагогтар үшін жұмыс уақыты Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі –Кодекс) сәйкес жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығына қарай белгіленеді.
«Жұмыс уақытының ұзақтығы» және «нормативтік оқу жүктемесі» ұғымдары бірдей ұғымдар емес екенін түсіну керек. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі –Заң) 8-бабының 4-тармағына сәйкес айлық жалақыны есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді. Оқу жүктемесі жұмыс уақытының нормаланған бөлігі ғана болып табылады, себебі педагогтың лауазымдық міндеттері нормаланған жұмысты орындаумен ғана шектелмейді. Мысалы, тәрбиешінің еңбегiне ақы төлеу үшін есептiк бiрлiк ретiнде аптасына қабылданған 24 сағат педагогикалық жұмыстың норма сағаты басқа да педагогикалық жұмыс (ата-аналармен жұмыс, әдiстемелiк бiрлестiктердiң жұмысына, педагогикалық кеңестiң отырыстарына, және басқа да мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының жұмыс жоспарына кіретін шаралар) жұмыс уақыты болып саналмайтынын бiлдiрмейдi.
Осылайша, оқу жүктемесі мұғалімнің жұмыс уақытының жалпы ұзақтығының құрамдық бөлігі болып табылады.
Кодекстің 68-бабы 1-тармағымен жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауы тиіс деп анықталған.
Педагогтың жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы жалпыға бірдей белгіленген талаптарға сәйкес келуі керек және заңнамаға сәйкес бір ставка үшін аптасына 40 сағаттан аспауы керек.
Салалық деңгейде оқу-ағарту қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің 6.4 тармағына сәйкес сабақ өткізуден, кезекшіліктен, білім беруді ұйымдастырудың жоспарымен қарастырылған сабақтан тыс іс-шараларға (педагогикалық кеңес отырыстары, ата-аналар жиналысы және т.б.) қатысудан қалған бос сағаттарын педагог өз қалауынша пайдаланады.
Заңының 8-бабы 3-тармағының 3-тармақшасына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мектепалды топтары, білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптары үшін кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі – 24 сағат.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2023 жылғы 21 шiлдедегi № 224 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының тәрбиешілері мен тәрбиешілерінің көмекшілерінің штат бірліктері балалардың болуына сәйкес 10,5 сағатқа немесе 12 сағатқа белгіленеді.
Жоғарыда айтылғандай, мектепке дейінгі ұйымдардың, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мектепалды топтарының педагогтеріне айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі 24 сағат көлемінде белгіленеді.
Осылайша жұмыс уақытының нормаланған бөлігі 1 ставкаға:
24 сағат / 5 жұмыс күніне = 4,8 сағат бес күндік жұмыс аптасында (немесе жұмыс уақыты күніне 4 сағат 48 минутты құрайды).
-
Фото
-