Жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеу негіздері мен тәртібі
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 133-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 4-тармағымен жәрдемақы еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында белгіленген мерзімге жұмыс істейтін орны бойынша төленеді деп анықталған. Егер тұлға бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істейтін болса, жәрдемақы әрбір жұмыс орны бойынша тағайындалады және төленеді.
Жоғарыда көрсетілген Қағидалардың 12-тармағына сәйкес жәрдемақы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында жалақы төлеу үшін белгіленген мерзімдерде төленеді.
Осылайша, жұмыс берушінің еңбекке уақытша жарамсыздық парағына ақы төлеу міндеті еңбек заңнамасымен қатаң көзделген. Бұл міндетті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Еңбек кодексінің 133-бабы 2-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
Қағидалардың 2-тармағына сәйкес жәрдемақыны тағайындау және төлеу үшін негіздеме еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы, ал ол жоғалған кезде – телнұсқасы негіздеме болып табылады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 133-бабы 3 және 4 -тармақтарына сәйкес еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.
Жұмыскерлердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшері оның орташа күндік жалақысын еңбекке уақытша қабілетсіздік кезеңіне келетін жұмыс күндерінің санына көбейту арқылы айқындалады деп көрсетілген.
Жұмыскердің орташа күндік жалақысының мөлшері Еңбек кодексінің 114-бабының 3-тармағына сәйкес есептелген оның орташа жалақысы есебінен айқындалады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларының 8-тармағына сәйкес барлық жағдайларда орташа күндік (сағаттық) жалақы есеп айырысу кезеңде есептелген жалақы сомасын есеп айырысу кезеңдегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына бөлу жолымен айқындалады, жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы кезіндегі жұмыс күндерінің (сағаттарының) санына тиісінше бөлу жолымен айқындалады.
Еңбек кодексінің 4-1-тармағының 4 абзацына сәйкес еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша бір айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) жиырма бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Қағидалардың 7-тармағына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы келесі жағдайларда төленбейді:
заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;
заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;
жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша қабілетсіздік күндері үшін;
жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.
Егер еңбекке қабілетсіздік демалыс аяқталғаннан кейін де жалғасатын болса, онда жәрдемақы жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап беріледі.
Оған қоса, Қағидалардың 6 –тармағына сәйкес жұмыскер жұмыстан шеттетілген кезеңде еңбекке уақытша қабілетсіздік туындаған кезде, заңнамаға сәйкес жәрдемақы төленбейді. Егер еңбекке уақытша қабілетсіздік жұмысқа жіберілгеннен кейін де жалғасатын болса, жәрдемақы жұмыскер жұмысқа жіберілген күннен бастап төленеді.