2025 жылдан бастап салықтық шегерімдерді қолдануға қатысты
Салықтық шегерім – бұл одан салық төленетін кіріс мөлшерінің азаятын сомасы. Оны мемлекеттен жеңілдік не қолдау деуге де болады, ол бұрын есептік салық кезеңінде төленген салықты қайтаруға немесе салықты азырақ төлеуге мүмкіндік береді.
ҚР Салық кодексінің (бұдан әрі – ҚР СК) 342-бабының 1-тармағына сәйкес жеке тұлғаның мынадай салықтық шегерім түрлерін қолдануға құқығы бар:
1) міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салықтық шегерім – Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар бойынша салықтық шегерім;
3) стандартты салықтық шегерімдер (бұдан әрі – стандартты шегерімдер);
4) көп балалы отбасылар үшін салықтық шегерімдер;
5) өзге салықтық шегерімдер (бұдан әрі – өзге шегерімдер).
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасы үшін салық шегерімі көзделген ҚР СК 347-бабының нормалары күшіне енді:
«Көп балалы отбасы үшін салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған айлық есептік көрсеткіштің 282 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде жиынтығында екі ата-анаға мынадай тәртіптердің бірімен:
1) көп балалы отбасы ата-анасының біріне – әрбір ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 23 еселенген мөлшерінде;
2) көп балалы отбасы ата-анасының әрқайсысына әрбір ай үшін айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінде қолданылады.
Шегерім қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына жеке тұлғаның кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы болған жағдайда көп балалы отбасы үшін салықтық шегерім қолданылады, ол осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталады».
Сонымен қатар, ҚР СК 351-бабы күшіне енді, яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар ипотекалық несие ресімделген банкке қарамастан салық шегерімдерін ала алады, бұл салық төлеушілер үшін мүмкіндіктерді едәуір кеңейтеді:
«Қазақстан Респуликасының резидент-жеке тұлғасы сыйақылар бойынша салықтық шегерімді банктерден және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны төлеуге арналған шығыстар бойынша қолданады».
Бұл банктік операцияларды жүзеге асыруға лицензиясы бар кез келген банктен немесе қаржы ұйымынан ипотекалық тұрғын үй қарыздарын алған кезде азаматтар сыйақылар бойынша шегерім құқығын пайдалана алатынын білдіреді.
Жұмыс беруші осы шегерімді қолдана бастауы үшін жұмыскер кадр қызметіне немесе бухгалтерияға салық шегеріміне өтініш пен растайтын құжаттарды ұсынуы керек:
1) банкпен немесе қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
2) сыйақы сомасы бөліп көрсетілген ипотекалық тұрғын үй қарызын өтеу кестесі;
3) осындай қарыз бойынша сыйақының өтелгенін растайтын құжат.
Қосымша, мәлімет үшін «Жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтінішінің және жеке тұлғамен есеп айырысулар туралы анықтаманың нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 102 бұйрығына сілтеме орналастырылды. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016364 .