Орта білім беру ұйымдарындағы сынып жетекшілігінің қызметі туралы
Педагогқа жүктелген сынып жетекшілігінің функциялары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 18 бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдарындағы сынып жетекшілігі туралы Ережесімен (бұдан әрі – Ереже) айқындалады.
Ереженің 3-тармағына сәйкес сынып жетекшісі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Педагог мәртебесі туралы» басқа да Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамалық және нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Сынып жетекшісінің қызметі – білім беру ұйымының жарғысы, білім алушыларға білім берудің өзекті міндеттері, жаңартылған мазмұны, әдіснамасы, сондай-ақ тәрбие нысандары ескерілген тұлғалық бағдарлы тәсіл негізінде құрылған мақсатқа сай бағытталған, жүйелі, жоспарланған процесс.
Сынып жетекшісі білім беру ұйымы басшысының (директорының) бұйрығымен тағайындалады.
Сынып жетекшісі қызметін жоспарлауды және бақылауды жалпы орта білім беру ұйымы басшысының (директорының) тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жүзеге асырады.
Ереженің 8-тармағымен сынып жетекшісі қызметінің міндеттері анықталған, олар білім алушылардың оқу жетістіктері және ішкі тәртіп ережелерін сақтау мәселелері бойынша ата-аналармен өзара әрекеттесу, аптасына бір рет сынып сағаттарын өткізу, білім беру ұйымының басшысын (директорын) сыныбымен тәрбие жұмысының жай-күйі туралы хабардар ету.
Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысының 4 Қосымшасы 2-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес сынып жетекшілігі үшін базалық лауазымдық айлықақыдан (БЛА) 1-4 сыныптарға 50 %, 5-11 (12) сыныптарға 60 % қосымша ақы қарастырылған.
Білу қажет! Сынып жетекшісі құжаттаманы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығымен бекітілген Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері орындауға міндетті құжаттардың тізбесіне сәйкес жүргізеді.
Сонымен қатар, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес педагог кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде одан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есептілікті, не ақпаратты талап етіп алдыруға жол берілмейді.