ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН САЛЫҚТЫҚ ШЕГЕРІМДІ ҚОЛДАНУ ТУРАЛЫ
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңының 30-2 – бабына сәйкес 2025 жылдың 1 қаңтарынан бұрын тоқтатылған салық шегерімдерін қолдану тәртібін реттейтін нормалар күшіне енді.
Салық кодексінің 349-бабына сәйкес жеке тұлғаның немесе асырауындағы 21 жасқа толмаған баланың оқуына ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарына салық салынатын табыс сомасын төмендетуге мүмкіндік беретін оқытуға арналған салықтық шегерім қолданылатын болады.
Салық кодексінің 349-бабы 1-тармағымен оқытуға арналған салық шегерімі қолданылатын білім берудің мынадай деңгейлері айқындалды:
1) Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
2) Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында осындай қызмет түрлерін жүргізу құқығына арналған тиісті лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын техникалық және кәсіптік білім беру;
3) Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында осындай қызмет түрлерін жүргізу құқығына арналған тиісті лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру;
4) Салық кодексінің 291-бабының 1-тармағында айқындалған дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру *(дербес білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын, құқықтық мәртебесі және қызметінің айрықша құқықтық режимі «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы ҚР Заңында айқындалатын, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым).
Мектепке дейінгі ұйымның түрлері ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 бұйрығымен бекітілген Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасымен айқындалған, оларға:
бөбекжай;
балабақша;
отбасылық бөбекжай;
санаториялық бөбекжай;
интернаттық ұйымдар:
арнайы бөбекжай;
арнайы балабақша кіреді.
Орта оқу орындарындағы білім алу - ҚР Конституциясымен кепілдік берілген білім болғандықтан, оған салық шегерімі қолданылмайды.
Оқытуға арналған салықтық шегерім күнтізбелік жылға айқындалған АЕК-тің 118 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде қолданылады.
Оқытуға арналған салықтық шегерімді қолдану үшін растайтын құжаттар қызметтер көрсетуге арналған шарт және осындай көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу фактісін растайтын құжат болып табылады.
Оқытуға арналған салықтық шегерімді Қазақстан Республикасының резиденті-жеке тұлғасының пайдасына жұмсалған оқытуға арналған ақы төлеу шығыстары бойынша заңды өкілдердің бірі қолданады.