ӘДІСТЕМЕЛІК БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ
Әдістемелік бірлестіктердің басшыларын кім тағайындайды? Мемлекеттік мектеп мұғалімдеріне әдістемелік бірлестікті басқарғаны үшін қосымша ақы қарастырылған ба?
ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 10 тамыздағы № 253 бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі –Қағидалар) 2-тармағы 7)-тармақшасына сәйкес әдістемелік бірлестіктер (комиссиялар, кафедралар) – бұл оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты іске асыру үшін педагогтарға кәсіби қолдауды жүзеге асыратын салалық (мамандық, пәндік топтық) белгілері бойынша білім беру ұйымдары педагогтарының кәсіби бірлестіктері.
Қағидалардың 21-тармағына сәйкес мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мектептік және мектепаралық әдістемелік бірлестіктер оқу пәндерінің педагогтары, бастауыш сынып педагогтері, сынып жетекшілері, мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері, мектеп-интернаттары үшін құрылады.
Аталған Қағидалардың 22-тармағымен оқу-әдістемелік бірлестіктер (комиссиялар, кафедралар) еркін бастама негізінде салалық (мамандықтар топтары, пәндер) белгілеріне қарай құрылады деп анықталған.
29-тармаққа сәйкес білім беру ұйымдарындағы әдістемелік бірлестіктерді (комиссияларды, кафедраларды) дайындығы жоғары, шығармашыл педагогтар арасынан сайланатын (тағайындалатын) басшы басқарады.
Қолданыстағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысы әдістемелік бірлестікті басқарғаны үшін қосымша ақы көздемейді.