
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ПЕН ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ
Бүгін Қарағанды қаласында білім беру саласының өкілдері Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен делегациясымен кездесті.
Кездесуде педагогтардың құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақы жүйесі мен кәсіби даму мүмкіндіктеріне қатысты өзекті мәселер талқыланды.
Делегация құрамы:
А. Мұқашева – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы;
А. Дүйсембаева – ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы;
Г. Тоқпанова – Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбек ақыны төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы (онлайн қатысты);
Р. Қыдырбаева – Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы .
Жұмыс сапары аясында А. Ермеков атындағы мектеп-лицейінде ашық диалог форматында семинар өтті. Іс-шараға қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, бухгалтерлер, педагогтер мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева өз сөзінде Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндап, әлеуметтік әріптестіктің тиімділігінің арқасында жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және педагогтердің әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып отырғанын атап өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы А. Дүйсембаева педагогтардың аттестация ережелеріне енгізілген өзгерістер туралы толық түсіндірме берді. Ол Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығына енгізілген түзетулерге тоқталып, аттестациялау талаптары мен шарттары нақтыланғанын атап өтті. Жаңашылдықтар оқыту сапасын арттыру мен педагогтердің кәсіби дамуын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, А. Дүйсембаева Министрліктің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына енгізілген өзгерістер жөнінде ақпарат берді. Аталған құжат білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау және қызметінен босату тәртібін реттейді. Жаңартылған талаптар басшылық лауазымдарға іріктеу процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбек ақыны төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Г.Тоқпанова онлайн форматта педагогтардың жалақысын есептеу тәртібі, қосымша төлемдер мен ынталандыру механизмдері бойынша түсініктеме берді.
Семинар барысында қатысушылар Кәсіподақ пен Министрлік өкілдеріне өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.
Ең көп талқыланған тақырыптар:
Аттестация және оның педагогтардың кәсіби дамуына әсері;
Еңбекақы төлеу жүйесі, оның ішінде қосымша төлемдер мен ынталандыру тетіктері;
Кадрлық саясат, білім беру ұйымдары басшыларына қойылатын жаңа талаптар;
Педагогтердің еңбек жағдайлары және әлеуметтік кепілдіктер.
Іс-шара аясында кәсіподақ қозғалысын дамытуға белсенді атсалысқан, педагогтердің құқықтарын қорғауға үлес қосқан әлеуметтік әріптестер мен кәсіподақ белсенділері Салалық кәсіподақтың наградаларымен марапатталды.
Әлеуметтік әріптестік аясында ұйымдастырылған мұндай кездесулер педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді анықтауға және оларды шешуге мүмкіндік береді.
-
Фото
-