
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ПЕН ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БІРЛЕСКЕН СЕМИНАРЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА: ШЫМКЕНТКЕ ЖҰМЫС САПАРЫ
Әлеуметтік әріптестік аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен семинарлар сериясы жалғасуда. Кезекті кездесу Шымкент қаласында білім саласының өкілдерімен өтті.
Семинар Шымкент білім басқармасының «Саттар Ерубаев атындағы» №24 IT мектеп-лицейі базасында өтті. Оған Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Р.Әліш, білім беру ұйымдарының басшылары, есепшілер, сондай-ақ Шымкент қалалық ұйымының активі қатысты.
Делегация құрамы:
Айгүл Мұқашева – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы;
Айман Дүйсембаева – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы (онлайн қатысты);
Гүлайым Тоқпанова – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы (онлайн қатысты);
Райхан Қыдырбаева – Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы.
Кездесу барысында педагогтарды аттестаттау, еңбекақы төлеу жүйесі, жұмыс жағдайлары мен еңбек қатынастарына ерекше назар аударылды.
Салалық кәсіподақ төрағасы А. Мұқашева кәсіподақ қызметі туралы баяндап, өз сөзінде сала қызметкерлерінің өзекті мәселелерін уақтылы шешуде әлеуметтік әріптестіктің рөлін атап өтті.
«Кәсіподақ бүгінде әділ еңбек жағдайлары мен лайықты жалақыны қамтамасыз ете отырып, қызметкерлердің құқықтарын белсенді қорғайды. Әлеуметтік әріптестіктің арқасында еңбекақы төлеуге, білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуына және кәсіби дамуына қатысты мәселелерді жедел шешуге болады», - деп атап өтті Айгүл Мұқашева.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мемлекеттік саясатты іске асыруды талдау және мониторингілеу басқармасының басшысы А. Дүйсембаева ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 «Аттестаттау ережелері мен шарттары туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес педагогтарды аттестаттау мәселелерін түсіндірді.
«Жаңартылған талаптар педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға және білім сапасын арттыруға бағытталған. Аттестаттау жай ғана ресми рәсім емес, керісінше, кәсіби өсу құралы болуы керек», – деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.
Министрліктің Бюджеттік жоспарлау департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы басқармасының басшысы Г. Тоқпанова педагогтарға жалақы төлеу жүйесіне егжей-тегжейлі тоқталып, өз сөзінде жалақыны есептеу тәртібіне, ынталандырушы үстемақылар мен қосымша ақыларға ерекше екпін берді.
Семинарға қатысушылар өзекті сұрақтарын қойып, спикерлерден толыққанды жауаптар алды.
Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Р. Қыдырбаева еңбек қатынастарына және білім беру қызметкерлерінің құқықтарын қорғау механизмдеріне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Талқылау барысында еңбек қатынастары, аттестаттау тәртібі, кадрлық және педагогтардың әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелер қозғалды. Еңбекақы төлеу жүйесінің ашықтығына және білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Салалық кәсіподақ пен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен семинарлары ертең Түркістан облысында жалғасады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-